Дауыс беру күні Ақмола облысының барлық қалалары мен аудандарында «Бүкіл отбасымызбен дауыс береміз» акциясы өтуде. Тұрғындар сайлау учаскелеріне ата-әжелерімен, ата-аналарымен және балаларымен бірге келіп, өз таңдауларын жасауда. Бұл бастама ұрпақтар сабақтастығы мен әр буынның қоғамдық өмірге қатысуын көрсетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Акцияның басты мақсаты – отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді дәріптеу. Бірге дауыс беру жас ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің маңызын көрсетіп, ел өміріндегі маңызды оқиғаларға әр азаматтың қатысуы қажет екенін ұғындырады.
Акцияға Ақкөл қаласының Абдрахмановтар, Тлеулиндер және Касимовтар отбасылары да қосылды. №97 сайлау учаскесіне бірнеше буын өкілдері бірге келіп, дауыс берді.
Аға буын үшін бұл азаматтық ұстанымның маңызын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мүмкіндігі болса, балалар мен немерелер үшін ел өміріне қатысудың отбасынан басталатынын өз көздерімен көрудің үлгісі.
«Бүкіл отбасымызбен дауыс береміз» акциясы Ақмола облысының барлық қалалары мен аудандарында жалғасуда. Ол ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындарды ортақ отбасылық құндылықтар төңірегінде біріктіреді.


