-6.6 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарҮш тіл, бір мақсат: Ақмолада «Тіл шебері» байқауының жеңімпаздары анықталды

Үш тіл, бір мақсат: Ақмолада «Тіл шебері» байқауының жеңімпаздары анықталды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген студенттер «Тіл шебері» облыстық байқауында бақ сынады. Қатысушылар тілдік білімдерін ғана емес, ұлттық құндылықтар мен ел тарихына қатысты танымдарын да көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі сертификаттар табысталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Республика күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған байқауды Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2020–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өтіп, үш тілді еркін меңгерген дарынды жастарды анықтауға, олардың тілдік қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды.

Байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан келген студенттер қатысып, үш кезең бойынша өзара бақ сынады. Әр кезең қатысушылардың тілдік сауаттылығын, ой ұшқырлығын және елтану бағытындағы білімін саралауға мүмкіндік берді.

Алғашқы «Сөзтаным» кезеңінде қатысушылар қазақ тіліндегі мәтіндерден көнерген сөздерді тауып, олардың мағынасын түсіндірді. «Елтаным» кезеңінде Қазақстанның тарихы, өңірлері мен ұлттық құндылықтарына қатысты сұрақтарға орыс тілінде жауап берді. Ал «Ойтаным» кезеңінде ағылшын тілінде ұлы тұлғалар, ұлттық аспаптар мен дәстүрлі ойындар туралы білімдерін ортаға салды.

Қатысушылардың тіл меңгеру деңгейін, жауаптарының нақтылығы мен мазмұнын, сондай-ақ уақытты тиімді пайдалануын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушыларынан құралған қазылар алқасы бағалады.

Қазылар алқасының мүшесі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Ботагөз Аубакирова студенттердің дайындығына жоғары баға берді.

«Байқауға қатысқан студенттердің дайындық деңгейі жоғары. Олар үш тілді меңгергенін, тіл мәдениеті мен сөйлеу шеберлігін көрсете білді. Мұндай іс-шаралар жастардың тілге деген құрметін арттырып, өз білімдерін ортаға салуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Байқауға алғаш рет қатысқан Бурабай ауданының Щучье қаласындағы жоғары техникалық колледждің студенті Амина Сабдыбай да өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келген. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі тапсырмалар оған жеңілірек болғанымен, орыс тіліндегі кезең біршама күрделі болған.

«Қатысушылар өте белсенді, білімді әрі алғыр болды. Олар түрлі аудандар мен қалалардан келіп, жақсы дайындықтарын көрсетті. Бұл – менің осындай байқауға алғашқы қатысуым. Алдағы уақытта да осындай шараларға қатысуға дайынмын», – деді Амина Сабдыбай.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Гүлсім Балтабаева иеленіп, 150 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орын Аяжан Мұстахинге бұйырды. Ол 120 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал үшінші орынды иеленген Айдана Тоқмағанбетоваға 100 мың теңгелік сертификат табысталды.

«Тіл шебері» байқауы жастардың тілдік құзыреттілігін жетілдіріп қана қоймай, ұлттық мұраны дәріптеуге, ел тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Үш тілді меңгеру арқылы жастардың білім көкжиегі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Ал осындай зияткерлік сайыстар жас буынның өз қабілетін шыңдап, тілдерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

spot_img

Тақырып бойынша мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Байланыста болыңыз

17,600Оқырмандарорындаңыз
1,200Оқырмандарорындаңыз
2,008Жазылушыларжазылу
Kokshetau
clear sky
-6.6 ° C
-6.6 °
-6.6 °
93 %
2.3kmh
6 %
Чт
-7 °
Пт
-1 °
Сб
3 °
Вс
5 °
Пн
3 °

Соңғы мақала