Ақмола облысында тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және ірі инженерлік нысандарды салу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев мәлімдеді.
Биылғы жылдың 10 айында облыста 411 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның нәтижесінде шамамен 3 300 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Олардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы 500-ге жуық отбасы жалдамалы баспанаға ие болды.
Айта кетейік, Ақмола облысы 2024 жылдан бастап дайын пәтерлерді сатып алу тетігіне толық көшкен. Осы уақыт аралығында аталған бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттағы 2 300-ге жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл осы мақсатқа 19,3 млрд теңге бағытталып, 1 мыңнан астам пәтер сатып алу көзделген.
«Біздің басты міндетіміз – тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтардың нақты қажеттілігіне сәйкес бөлу. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келесі жылдан бастап сатып алынатын пәтерлерді таңдау кезінде кезекте тұрған отбасының құрамы мен тұрғын үйге деген қажеттілігі ескерілетін болады. Яғни пәтердің ауданы мен жоспарлануы отбасының нақты сұранысына сәйкес айқындалады», – деді Азамат Байқуанышев.
Соңғы жылдары өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2023–2026 жылдар аралығында осы мақсаттарға 230 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Осы кезеңде «Келешек мектептері» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары іске асырылып, жалпы 100 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.
Биыл Сандықтау ауданындағы Каменка, Лесное және Веселое ауылдарында үш дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Атбасар аудандық ауруханасы ғимаратына магниттік-резонанстық томография аппаратына арналған қосымша ғимарат салынды. Қазіргі уақытта аталған нысандарды пайдалануға беру актілерін тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы кезеңдегі ең ірі жобалардың бірі – Көкшетау қаласында салынатын облысаралық көпбейінді аурухана. Жобаның құны 332 млрд теңгені құрайды. Құрылысты 2027 жылғы сәуірде аяқтау жоспарланып отыр.
Білім беру саласында да жаңа жобалар қолға алынған. Соның бірі – Қосшы қаласында 1500 орындық заманауи мектеп салу. Жоба инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Нысанды осы жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
Өңірде құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау жұмыстары да жалғасуда. Биыл осындай жеті нысанның құрылысы толық аяқталды. Олардың үшеуі спорт саласына тиесілі. Атап айтқанда, Бестөбе ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен ашық стадион, Жақсы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Мәдениет саласында Степногорск қаласына қарасты Қарабұлақ ауылында және Бурабай ауданының Қатаркөл ауылында мәдениет үйлерінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Қосшы қаласында екі әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді.
Салыстыру үшін, өткен жылы өңірде құрылысы ұзаққа созылған 16 нысанның құрылысы аяқталған болатын.
2025–2026 жылдары әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым нысандары бойынша 15 жоба әзірленіп, барлығы кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алды. Аталған жобаларды іске асырудың жалпы сметалық құны 20,66 млрд теңгені құрайды.
Жобалардың басым бөлігі білім беру, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру салаларын қамтиды.
Сонымен қатар 2026 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша, тағы 9 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Оларды іске асырудың болжамды құны шамамен 25 млрд теңге.
Олардың қатарында мектептер мен колледж құрылысы, денсаулық сақтау нысандары, өрт сөндіру деполары және Көкшетау қаласындағы арнайы мекемелер кешені бар.
Ерекше жобалардың бірі – Қосшы қаласында халықаралық стандарттарға сай колледж салу. Жоба жаңа буын мамандарын даярлауға арналған заманауи білім беру кешенін құруды көздейді.
Алдағы жылдары облыстың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында Көкшетау қаласындағы жылу электр орталығының құрылысы бар. Келесі жылы жобаны іске асырудың белсенді кезеңін бастау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Есіл өзенінде көктемгі су тасқыны кезінде суды жинақтауға арналған ірі гидротехникалық құрылыс салу көзделген. Жобаның негізгі мақсаты – су тасқыны қаупін азайту, елді мекендерді су басудан қорғау және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жобамен қатар қоныс аударуы қажет тұрғындар үшін жаңа елді мекендер қалыптастыру мәселесі де қарастырылуда. Онда заманауи тұрғын үйлер мен қажетті әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, Бурабай кентінде көпфункционалды Конгресс-орталық салу жобасы жүзеге асырылуда. Оны қаржыландыру Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен қарастырылған. Жобаға 19,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Өңірде қала құрылысы құжаттарын цифрландыру жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыстағы 11 қаланың бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын цифрлық форматқа көшіру қолға алынған. Бүгінде бас жоспарларды цифрландыру деңгейі 76%-ды, ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша көрсеткіш 67%-ды құрайды.
Бұл жұмыстардың басты мақсаты – жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру. Бірыңғай деректер базасын қалыптастыру қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға, рәсімдерді жеңілдетуге және шешім қабылдау процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Жалпы, құрылыс саласындағы барлық жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған. Біз үшін тек жаңа нысандар салу ғана емес, олардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі де маңызды. Бұл жұмыстар жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдауға және ең бастысы, Ақмола облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», – деп түйіндеді Азамат Сабыржанұлы.


