Ақмола облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру есептілікті өңдеу уақытын қысқартуға, кәсіпкерлермен өзара іс-қимылды жеңілдетуге және халық денсаулығына төнетін ықтимал қауіптерді жедел анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Цифрландырудың негізгі құралдарының бірі – санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау ақпараттық жүйесі (СЭҚ АЖ). Ол бақылаудағы объектілерді есепке алуға, мәліметтерді жүйелеуге және бақылау қызметін ұйымдастыруға арналған.
Жүйе объектілер тізілімін жүргізуге, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді есепке алуға, қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларын бақылауға және ерекше назар аударуды қажет ететін объектілерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мамандарға өзекті мәліметтермен жұмыс істеуге және қосымша бақылау қажет бағыттарды айқындауға көмектеседі.
e-sen.kz платформасы арқылы цифрлық жұмыс форматына көшу нақты нәтижелер берді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша есептілікті қолмен өңдеу көлемі 23,8%-ға азайып, цифрлық есептіліктің көлемі 47,7%-ға артқан.
Кәсіпкерлерге арналған ұсынымдарды дайындау уақыты екі күннен 15 минутқа дейін, ал бақылаудағы объект туралы мәліметтерді алу мерзімі үш күннен бір сағатқа дейін қысқарған.
«Цифрлық технологияларды енгізудің басты мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың тиімділігін арттыру, ықтимал қауіптерді уақтылы анықтау және негізделген шешімдер қабылдау. Бұл халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов.
Цифрлық құралдар қажетті рұқсат құжаттары жоқ, белгіленген есептілікті ұсынбаған немесе мамандардың қосымша назар аударуын қажет ететін объектілерді анықтауға да көмектеседі.
Кәсіпкерлер үшін жүйе санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен өзара іс-қимыл жасаудың ыңғайлы арнасына айналып отыр. Берілген қолжетімділік құқықтарына қарай олар өз объектілері туралы мәліметтерді ала алады, тексеру нәтижелерімен танысып, өндірістік бақылау бойынша есептерді электрондық форматта ұсына алады. Бұл қағаз құжат айналымын азайтып, құжаттармен жұмыс істеуді жеңілдетеді.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – профилактикалық екпелерді есепке алу. 2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда халықты вакцинациялау және вакциналардың қозғалысы бойынша есептілікті «Вакцинация модулі» ақпараттық жүйесінде толық электрондық форматқа көшіру қамтамасыз етілді.
Жүйе салынған екпелерді тіркеуге, вакциналардың қозғалысын бақылауға, халықты иммундаумен қамту деңгейін бағалауға және Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес вакцинацияның уақтылы жүргізілуін бақылауға мүмкіндік береді.
Электрондық есепке алу аумақтар мен жас топтары бойынша деректерді талдауға, вакцинациямен қамту деңгейінің жеткіліксіздігін анықтауға және қосымша назар аударуды қажет ететін халық санаттарын айқындауға жағдай жасайды. Осы мәліметтер негізінде медициналық ұйымдар азаматтардың вакцинация мәртебесін нақтылап, екпенің салынбау себептерін анықтап, нысаналы профилактикалық жұмыстар жүргізе алады.
Өңір тұрғындары да өздерінің вакцинация туралы мәліметтерін тексере алады. Ол үшін eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «e-Densaulyq» сервисінде жеке екпе күнтізбесі қарастырылған. Онда салынған және жоспарланған екпелер туралы, сондай-ақ бар болған жағдайда медициналық қарсы көрсетілімдер жөніндегі мәліметтер қолжетімді.
Жұқпалы аурулардың таралуын бақылау үшін ilisari.kz «ЖРВИ/тұмауды электрондық бақылау жүйесі» ақпараттық жүйесі де пайдаланылады. Ол жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау, олармен байланысты асқынулар және зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы деректерді жинауға және талдауға арналған.
Жүйе әртүрлі аумақтардағы сырқаттанушылық динамикасын бақылауға және эпидемиологиялық жағдайдағы қолайсыз өзгерістерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер мамандарға ықтимал қауіптерді бағалап, қажет болған жағдайда профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды күшейтуге көмектеседі.
Осылайша, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру бақылаудағы объектілерді қадағалау, бизнеспен өзара іс-қимыл жасау, профилактикалық екпелерді есепке алу және жұқпалы ауруларға мониторинг жүргізу бағыттарын қамтиды.
Цифрлық шешімдерді енгізу құжаттарды өңдеу уақытын қысқартып қана қоймай, ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға, негізделген шешімдер қабылдауға және Ақмола облысы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған.


