Ақмола облысында жол-құрылыс маусымының басталуына орай, жол төсемінің сапасына жауап беретін негізгі нысандар — асфальтбетон зауыттарына жаппай тексеру басталды. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының мамандары өңірдегі 34 зауыттың дайындығын пысықтауда, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Биылғы маусымда жол жөндеу жұмыстарының ауқымы кең болғандықтан, өндірілетін материалдың сапасына қойылатын талап та жоғары. Ұлттық орталық мамандары әрбір зауыттың техникалық жағдайын, құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуін және технологиялық процестердің сақталуын мұқият қадағалап отыр.
Тексеріс барысында зауыттардан асфальтбетон қоспаларының сынамалары алынып, арнайы зертханалық сынақтардан өткізілуде. Бұл — болашақ жолдың тез бұзылмауына кепілдік беретін маңызды қадам.
Жолдың беріктігі тек техникаға емес, сонымен қатар шикізаттың дұрыс араласуына байланысты. Филиал лаборанты Владимир Щегловтың айтуынша, кішігірім қателіктің өзі үлкен шығынға әкеп соғуы мүмкін:
«Біз қолданылатын материалдардың сапасына, компоненттердің (тас, битум, құм) дәл мөлшеріне және өндіріс кезіндегі температуралық режимнің сақталуына ерекше назар аударамыз. Егер асфальт қажетті температурада дайындалмаса немесе құрамында ауытқулар болса, жолдың қызмет ету мерзімі бірнеше есе қысқарады. Сондықтан біздің міндетіміз — сапасыз өнімнің жолға төселуіне жол бермеу», — деп мәлімдеді маман.
Жоспарлы тексеру қорытындысы бойынша әрбір кәсіпорынға тиісті қорытынды беріледі. Егер зауыт жұмысында техникалық ақаулар немесе стандартқа сай келмейтін тұстар анықталса, орталық мамандары кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсынымдар береді. Тек барлық талаптарға сай келетін кәсіпорындар ғана өңірлік жол жобаларына материал жеткізуге рұқсат алады.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК филиалы жол-құрылыс маусымы аяқталғанша сапаны бақылау жұмыстарын тоқтатпайды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс облыс жолдарының ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етпек.


