Өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының барысы, су тасқынынан зақымдалған учаскелерді қалпына келтіру және теміржол вокзалдарының реконструкциясы туралы егжей-тегжейлі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Өткен жыл өңірдің көлік инфрақұрылымы үшін жемісті болды. Бір жылдың ішінде 900 шақырымнан астам автожол жөнделіп, қолданысқа берілді. Әсіресе, ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға басымдық берілді.
Брифинг барысында Владимир Кулаков жоспарлардың ауқымдылығына тоқталды:
«Біз тек жол төсемін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне де баса мән береміз. Өткен жылы 7 елді мекеннің тұсында 15 шақырымнан астам жерге жарықшамдар орнатылды. биылғы жылы бұл қарқын бәсеңдемейді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Орталық-Батыс» жобасы аясында Астанадан Арқалыққа қарай созылатын үлкен күре жолдың құрылысы басталмақ. Бұл біздің облысымыз арқылы өтетін 350 шақырымдық жаңа стратегиялық бағыт болмақ».
Биылғы су тасқыны кезеңінде облыс жолдарында 49 жерде су асу фактісі тіркелген. Алайда, алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстары мен 100-ден астам су өткізу құбырларын орнатудың арқасында зақымдану деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болды. Қазіргі уақытта жолдардың бұзылған тұстары толықтай қалпына келтірілді.
Ақмола облысы теміржол вокзалдарын жаңарту бойынша республикада көш бастап тұр. Бүгінде өңірде 16 вокзалға реконструкция жүргізілуде.
Спикердің айтуынша, вокзалдардың басым бөлігі өткен ғасырдың 30-50 жылдары салынғандықтан, олардың негізгі конструкциялары тозған. Сол себепті 9 вокзал толығымен бұзылып, орнына жаңа заманауи ғимараттар салынуда.
«Көкшетау, Щучинск, Макинск және Жақсы сияқты қалалардағы вокзалдарда жұмыс 90-98%-ға аяқталды. Ал ғимараты нөлден басталған Атбасар, Ерейментау, Есіл сияқты станцияларда жұмыс қызу жүріп жатыр. Біздің мақсатымыз — жолаушылар үшін тек жайлылық қана емес, қауіпсіздік пен заманауи қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету. Барлық нысандарды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Владимир Кулаков.
Сонымен қатар, вокзалдармен бірге олардың іргелес аумақтары да абаттандырылуда. Қазіргі таңда 15 вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Мақаланың қорытындысында басқарма басшысы барлық жобалардың халықтың игілігі үшін жасалып жатқанын және тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.


