Сандықтау ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Егін шаруашылығын әртараптандыру, мал шаруашылығын дамыту және өндірістік инфрақұрылымды күшейту аудан экономикасының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Серік Құдабай мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Сандықтау ауданы дәстүрлі түрде Ақмола облысының жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Өткен жылы аудан шаруалары рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 723 мың тонна астық және дәнді-бұршақты дақылдар жинады. Орташа өнімділік гектарына 23,2 центнерді құрады.
Биылғы жылы да егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде жүргізіліп, жоспардағы 353,4 мың гектардың орнына 364,9 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Әсіресе майлы дақылдардың көлемі екі есеге артып, 80 мың гектарға жетті. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығын дамыту да назардан тыс қалмай отыр. Алдағы жылдары алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде ірі қара мал саны шамамен 1000 басқа, оның ішінде асыл тұқымды мал саны 600 басқа дейін ұлғайтылмақ.
«Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тірегі. Біздің міндетіміз – тек өндіріс көлемін арттыру емес, ауылдағы еңбек адамдарына қолдау көрсетіп, саланы заманауи технологиялармен дамыту», – деді Серік Құдабай.
Агроөнеркәсіптік кешеннің инфрақұрылымын дамыту бағытында да нақты жобалар қолға алынуда. Жалпы сыйымдылығы 44 мың тонна болатын астық сақтау қоймаларын, өндірістік базаларды салу, суармалы егіншілікті дамыту және су жинақтау нысандарын іске асыру жоспарланған.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығы бағытында 27 жоба анықталып, оларды жүзеге асыру арқылы мал басын көбейту көзделіп отыр. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
«Біз ауыл шаруашылығын тек экономикалық сала ретінде емес, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуының негізі ретінде қарастырамыз. Әрбір жаңа жоба – жаңа мүмкіндік пен жаңа жұмыс орны», – деп атап өтті аудан әкімі.


