Көкшетаудағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы – қарт жандардың екінші үйіне айналған ерекше орын. Бүгін орталыққа Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов келіп, орталықтың дамуына серпін беретін құнды сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Әкім орталыққа шағын автобусқа сертификат пен заманауи теннис үстелін сыйлады. Бұл сыйлықтар келушілердің бос уақытын мазмұнды өткізуге және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде орталықта 16 үйірме жұмыс істейді. Алда Көкшетауда үлкен чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз. Желтоқсанда жаңа спорт кешенін ашып, елдің барлық өңірінен командалар жинаймыз», – деді өңір басшысы.
Қазір орталыққа 1 400 адам тіркелген, күн сайын 400-ге жуық адам келеді. Мұнда йога, фитнес, каратэ, театр, фольклор, асық ату сияқты түрлі бағыттар бар. Енді жаңа теннис үстелімен үстел теннисі үйірмесі де ашылмақ.
Орталық қатысушыларының бірі Риза Мағауина:
«Бұрын тек тойда ән айтатын едік, енді күн сайын осында келіп бірге ән шырқаймыз. Бұл – нағыз өмір қуанышы», – дейді.
Белсенділік пен қуанышқа толы орталық енді жаңа мүмкіндіктермен кеңеймек!


