Бүгін Көкшетауда сайлау күнінің ерекше көріністерінің бірі – мотоциклдердің гүрілі болды. Түскі уақытта сайлау учаскесіне мотоклуб мүшелерінен құралған байкерлер тобы толық экипировкамен, бір колонна болып келді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Бірнеше мотоцикл сайлау учаскесінің маңына тоқтап, бірден қала тұрғындарының назарын аударды. Байкерлер көліктерін тұраққа қойып, бірге сайлау учаскесіне кіріп, дауыс беруге қатысты.
Мотоклуб мүшелері үшін учаскеге бірге келу – жолда да, күнделікті өмірде де бір команда болып әрекет ету дәстүрінің жалғасы. Олар сайлауға қатысуды да өзара қолдаудың және азаматтық белсенділіктің бір көрінісі ретінде қабылдады.
«Біз жолда үнемі бірге жүруге, бір-бірімізді қолдауға және ортақ әрекет етуге үйренгенбіз. Бүгін де дауыс беруге бір топ болып келуді шештік. Бұл күнді бірге өткізіп, өз таңдауымызды жасау үшін жақсы мүмкіндік болды», – деді мотоклуб мүшелерінің бірі.
Дауыс бергеннен кейін байкерлер сайлау учаскесінің маңында біраз уақыт аялдады. Бірі достарымен әңгімелессе, енді бірі мотоциклдерінің жанында суретке түсті. Кейін топ қайтадан колоннаға жиналып, жолын жалғастырды.
Мотоклубтың ерекше сапары Көкшетаудағы сайлау күнінің назар аударарлық сәттерінің біріне айналды. Мотоциклдер, толық экипировка және ұйымдасқан колонна қаладағы қалыпты сайлау көрінісіне өзіндік серпін қосып, тұрғындардың қызығушылығын тудырды.


