Халықтың өмір сапасын арттыру ең алдымен сапалы инфрақұрылымға байланысты. Осы бағытта Есіл ауданында жолдарды жөндеу, су жүйелерін жаңарту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қажетті жағдай қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы брифинг барысында Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Аудан аумағындағы жолдардың жағдайын жақсарту – басты міндеттердің бірі. Себебі сапалы жол тек тұрғындардың күнделікті қозғалысына ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және елді мекендер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде аудан бойынша жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, көлік қатынасын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, шалғай елді мекендердің дамуына оң ықпал етеді.
Инфрақұрылымның тағы бір маңызды бағыты – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Ауданда су желілерін жаңарту және жаңа жүйелер салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл әсіресе ауыл тұрғындарының күнделікті өміріндегі маңызды мәселелердің бірін шешуге бағытталған.
«Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен базалық жағдайлар қамтамасыз етілуі керек. Жол, су, жарық сияқты мәселелер – халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағыттар біздің тұрақты бақылауымызда», – деді Серік Балжанов.
Сонымен бірге аудан орталығында және ауылдық елді мекендерде қоғамдық кеңістіктерді жақсарту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу де жалғасуда. Мұның барлығы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Инфрақұрылымдық даму – Есіл ауданының ұзақ мерзімді дамуының маңызды бөлігі. Алдағы уақытта да елді мекендердің жағдайын жақсарту, инженерлік желілерді жаңарту және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.


