Зеренді ауылындағы №554 сайлау учаскесінде дауыс беру күні «Спорт болашақты таңдайды» акциясы ұйымдастырылды. Оған городки спортының өкілдері қатысып, спорттық киіммен сайлау учаскесіне келіп, спортқа деген сүйіспеншілігін ел өміріндегі маңызды оқиғаға қатысумен ұштастырды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Зеренді ауданында городки спорты бірнеше жылдан бері дамып келеді. Бұл спорт түрінің дәстүрін ардагер спортшылар Хаси Джуасов, Серік Джунусов және Теміртас Әубәкіров жалғастырып келеді. Олар көп жыл бойы облыстық чемпионаттарға қатысып, биыл облыстық жарыстарда қола жүлдеге ие болды.
«Спорт бізді жинақылыққа, сабырлылыққа және бастаған істі соңына дейін жеткізуге үйретеді. Бұл қасиеттер тек жарыста ғана емес, өмірдің басқа салаларында да қажет. Бүгін біз сайлауға бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Жастарға ел өмірінен шет қалмау маңызды екенін өз үлгімізбен көрсеткіміз келеді», – деді Хаси Джуасов.
Аға буын спортшыларының тәжірибесін жастар да біртіндеп меңгеріп келеді. Аудан құрамасына Айман Қасымова қосылған. Ол қазірдің өзінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Былтыр жас спортшы Зеренді ауданының намысын Мәскеу облысының Подольск қаласында өткен халықаралық жарыста қорғады.
Ардагер спортшылар жастарды городки спортына белсенді тартып, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Бұл спорт түрі дәлдікті, зейінділікті, сабырлылықты және шешуші сәтте жинақылықты сақтай білуді талап етеді. Сондықтан спортпен айналысу дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, адамның мінезін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Бүгін спортшылар спорт алаңына шығуға үйренген формасымен сайлау учаскесіне келді. Олар осылайша өз үлгісі арқылы белсенділіктің тек спортпен шектелмейтінін көрсетті. Қоғамдық өмірге қатысу, азаматтық ұстаным білдіру, әсіресе ел болашағына қатысты маңызды сәттерде өз таңдауын жасау – әр азамат үшін маңызды.
«Спорт болашақты таңдайды» акциясы дауыс беру күні Көкшетау мен Ақмола облысының басқа да елді мекендерінде өтіп, спорт қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Спортшылардың белсенділігі жастарға үлгі болып, салауатты өмір салты мен азаматтық жауапкершіліктің қатар жүретінін көрсетті.


