Есіл ауданының экономикасында ауыл шаруашылығы саласы ерекше орын алады. Өңірде егін және мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін арттыру, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы брифинг барысында Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Аудан үшін агроөнеркәсіп кешені – халықтың тұрмысымен және өңірдің экономикалық тұрақтылығымен тікелей байланысты негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан соңғы жылдары шаруалардың мүмкіндігін кеңейтуге, өндірістің тиімділігін арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге басымдық берілуде.
Есіл ауданында ауыл шаруашылығы тек өнім өндірумен шектелмей, оны өңдеу, сақтау және дайын өнім шығаруға бағытталған жаңа мүмкіндіктермен толықтырылып келеді. Бұл тәсіл жергілікті кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға, ал тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың негізгі тірек салаларының бірі. Біз үшін маңыздысы – тек өндірісті көбейту емес, сол өнімнің өңірде өңделіп, қосымша құн қалыптастыруы. Бұл ауылдардың дамуына және тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деді Серік Балжанов.
Ауданда мал шаруашылығын дамытуға да ерекше назар аударылуда. Тұқым сапасын жақсарту, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін арттыру және заманауи тәсілдерді пайдалану арқылы саладағы көрсеткіштерді жақсарту көзделген.
Сонымен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытын дамыту жоспарланып отыр. Мұндай жобалар аудан экономикасын нығайтып қана қоймай, жастардың ауылдық жерде еңбек етуіне жаңа мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Есіл ауданында агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.


