Көкшетаудағы «Бәйтерек» саябағы бүгін жаңа идеялар мен экологиялық бастамалар орталығына айналды. «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында мұнда ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Жастар ағаш егіп, #ЖасылChallenge флешмобын бастады. Ал күннің басты жаңалығы – Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимаратының ашылуы болды. Ашылу салтанатына «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ляззат Шыңғысбаева құрметті қонақ ретінде қатысты.
Таңертеңнен бастап саябаққа 200-ден астам студент, ерікті, блогер және белсенділер жиналды. Көңіл-күй бейресми, жылы әрі шабытты болды – күлімдеген жүздер, жас көшеттер және әр сәтті таспаға түсіріп жатқан смартфондар.
«Биыл облыс бойынша 14 миллион ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл бір реттік акция емес – біз ағаштарға күтім жасауымыз керек. Бүгін ашылған Жастар орталығы осы істе бізге көмектеседі. Қазірдің өзінде суару техникасын алып жатырмыз. Қаржыландыру бюджет есебінен де, инвесторлар есебінен де жүргізілуде», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Әкімнің айтуынша, облыста көшетбақтар белсенді дамып келеді. Қарағай, шырша, алма ағашы сияқты жергілікті ағаш түрлері еліміздің «жасыл қорына» айналуда. Жоспарда 64 мың гектар жаңа көшетбақтар құру бар.
Қауіпсіздік техникасы бойынша қысқаша нұсқаулықтан кейін қатысушылар күрек алып, ағаш отырғызуға кірісті. Жастар ондаған көшет егіп, #ЖасылChallenge флешмобы арқылы экологиялық бастамалардың жаңа легіне жол ашты. Бұл бастаманы облыстың аудандары мен қалалары жалғастырады.
Акцияның екінші жарқын сәті – жаңа Жастар ресурстық орталығының ашылуы болды. Кең, заманауи ғимарат бірден жастардың дауысына, экскурсияларға, фотосессияларға және келешекке құрылған жоспарларға толып кетті.
«Бүгін мен аймақ басшылығымен кездесуде ғана емес, шынымен маңызды оқиғаның қатысушысымын. «Қазақстан халқына» қоры Ақмола облысында 10 миллиард теңгеден астам сомаға жобалар жүзеге асырды. Биыл әсіресе ауыл жастарына арналған жаңа жобаларды іске қосамыз. Жалпы 104 жобамыз бар, оның 80%-ы — жастарға арналған», деді «Қазақстан халқына» қорының өкілі Ляззат Шыңғысбаева.
Күннің қорытындысы – TikTok House жобасының таныстырылымы. Бұл — экологияны, еріктілікті және азаматтық белсенділікті әлеуметтік желілер арқылы насихаттайтын жас контент-мейкерлер командасы. Жобаның резиденті Искандер Жанартовтың айтуынша, TikTok House — бұл әрбір жас өзіне шабыт алып, үйреніп, қоғамға пайдасын тигізе алатын алаң.
Ақмола облысындағы экологиялық қозғалыс жастар, технология және белсенділік арқылы жаңа серпін алуда. Егер сіз сенбі күні сенбілік дегенді тек шаршау деп ойласаңыз — Көкшетауда экология сәнге айналған күнді көрмегенсіз деген сөз.