Көкшетау қаласында бірнеше жылдан бері аяқсыз қалған құрылыстарды аяқтау – жергілікті билік үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Қазіргі уақытта қалада 17 нысан ерекше бақылауға алынып, олардың басым бөлігі шамамен бес жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс болған. Бұл нысандар бұрынғы әкімдіктің қарауынан қазіргі басқармаға өткен. Енді бұл мәселелерді шешу – әкімдік пен мердігер компаниялардың жауапкершілігіне жүктеліп отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құрылыс алаңдарын өзі аралап, орын алған мәселелерді көзбен көрді. Сапар барысында әкім мердігерлер мен жауапты шенеуніктерге нақты мерзімдер мен қатаң бақылау талабын қойды. Қаладағы «Сарыарқа» және «Көктем» ықшам аудандарында орналасқан кейбір үйлердің құрылысы түрлі деңгейде аяқталған, алайда әрқайсысының кешеуілдеу себебі әртүрлі: кейбірінде жұмыс күші жеткіліксіз, енді бірінде жобалық-сметалық құжаттарды түзету ұзаққа созылған, ал бірқатар нысанда сыртқы инженерлік инфрақұрылым мүлде қарастырылмаған.
Қала тұрғындары арасында үлкен резонанс тудырған жайт — 45 пәтерлік тұрғын үй құрылысы. Бұл нысанда 2023 жылы сметалық құжатты жаңарту кезінде бір подъезд есепке кірмей қалған. Нәтижесінде үш подъезді үйдің орнына екі подъезді ғимарат салынған.
«Жоба шикі болды. Құжатта – үш подъезд, сметада – екеу. Соған сәйкес екі подъезд салынды», – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары Ақжол Қылышбаев.
Қала әкімі Ануар Кумпекеевтің айтуынша, «Сарыарқа» ықшам ауданындағы кейбір нысандар ерекше қиындық тудырып отыр. Кейбір мердігер компаниялар өз міндетін орындамағандықтан, келісімшарттары бұзылған. Ал қалған нысандар бойынша құрылыс жұмыстары қайта қаралуда. Мысалы, 2 миллиард теңгеге бағаланған бесқабатты үйдің (позиция А) тек екі қабаты ғана қаланған. Тағы бір жағдайда (позиция 3) «Айдана-ИК» ЖШС-мен келісімшарт сот шешімімен бұзылған – құрылыс мүлде жүргізілмеген.
Аймақ басшысы сегіз нысанды 2025 жылы аяқтауды тапсырды. Олардың бірқатары іске асыруды жеделдету үшін «Көкше» ӘКК қарамағына берілді. Егер жүйелі мерзім бұзушылықтар орын алатын болса, жауапты тараптар – мердігерлер мен техникалық қадағалау органдары – жауапкершілікке тартылатын болады.
Қалалықтар үшін күтілетін тағы бір маңызды нысан – су тазарту қондырғылары. Президент тапсырмасы бойынша таза ауызсу 2023 жылы берілуі тиіс болған, алайда құрылыс мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Қазіргі кезде нысанның негізгі жұмыстары аяқталған: панельдер мен резервуарлар орнатылып, электролиз құрылғылары, дизель генераторлар мен модульді қазандық іске қосылған. Су тазарту нысанын пайдалануға беру 2025 жылдың маусымына жоспарланып отыр. Егер мердігер — «Caspian Contractors Trust» ЖШС белгіленген мерзімге үлгермесе, ол су жеткізудің баламалы, қымбат көзінен келетін 135 миллион теңгелік айырмашылықты ай сайын өз есебінен өтеуге міндеттеледі.
«Біз Көкшетау тұрғындарының жылдар бойы су мен пәтер күтуіне жол бере алмаймыз. Әрбір аяқталмаған құрылыс — бұл тек тоқтап қалған нысан емес, сонымен қатар қаланың дамуын тежейтін фактор», – деді Марат Ахметжанов.
Бұл жағдай тек жеке нысандардың мәселесі ғана емес. Бұл – бүкіл қалалық инфрақұрылымның тұрақтылығына, билік органдарының тиімділігіне және мердігер ұйымдардың сенімділігіне берілген сынақ. Соңғы айлардағы белсенділік көрсеткендей,