Қазақстанда инженерлік желілерді жаңарту және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында «Тарифті инвестицияға ауыстыр» атты ауқымды бағдарлама іске асырылуда. Бұл бағдарлама арқылы желілердің тозуын айтарлықтай азайтуға, жылумен, су және электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға қол жеткізілді.
Өткен жылы бағдарлама аясында 36,3 шақырым инженерлік желілер жөнделіп, 3 миллиард теңге бөлінді. Олардың ішінде 0,7 шақырым электр желісі, 6,1 шақырым жылу желісі, 14,1 шақырым су құбыры және 15,4 шақырым кәріз желілері бар.
Ағымдағы жылы жұмыстар жалғасып, қаржыландыру көлемі 7,5 миллиард теңгеге дейін артты. 36,6 шақырым инженерлік желілерді модернизациялау жұмыстары жүргізіліп, 692 бірлік жаңа жабдық орнатылды.
Бірқатар негізгі нысандар қазірдің өзінде аяқталды немесе соңғы сатысында. Көкшетауда жылу желілері мен күл үйіндісін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Степногорск қаласында насос жабдықтары мен жылу желілері жаңартылды. Ерейментау мен Атбасар қалаларында су және кәріз желілерінің біраз бөлігі қайта қалпына келтірілді, бұл тұрғындарға су мен кәріз қызметтерінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
«Тарифті инвестицияға ауыстыр» бағдарламасы ескірген инфрақұрылымды жаңартуға ғана емес, сонымен қатар коммуналдық қызметтерді тұрақты әрі сапалы түрде көрсету үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.