Жарқайың ауданында ауыл кәсіпкерлігін дамыту және мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындарды қолдау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – мал шаруашылығын дамыту. 2026 жылы Костычево ауылдық округіне қарасты Донское ауылының тұрғыны Мереке Исмагуловке ірі қара мал басын көбейту үшін 10,8 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. Бөлінген қаражатқа 18 бас ірі қара мал сатып алынды.
Мереке Исмагулов бірнеше жылдан бері ет өнімдерін сатумен айналысады. Жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігін пайдалана отырып, ол шаруашылығын кеңейтіп, мал басын көбейтуді қолға алды.
«Бұған дейін бірнеше жыл бойы ет сатумен айналыстым. Енді өз шаруашылығымды дамытып, мал басын көбейткім келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы мақсатымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ауылда тұрғанды және еңбек еткенді жақсы көремін. Сондықтан кәсібімді осында әрі қарай дамытқым келеді», – деді Донское ауылының тұрғыны Мереке Исмагулов.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына жаңа кәсіп бастауға ғана емес, қолданыстағы шаруашылығын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Жарқайың ауданында бағдарлама аясында мал шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және ауылдық жерлердегі басқа да кәсіпкерлік бағыттарға қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда бағдарлама бойынша тағы 5 жоба оң қорытынды күтуде.
«Мал шаруашылығы – ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғындар мал басын көбейтіп, өз шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік алып отыр. Біз өз тарапымыздан жобаларды іске асыруға қажетті қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді Жарқайың ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Біржан Хасенеев.
Жалпы, ауданда мемлекеттік қолдау шараларына қызығушылық жоғары. «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында Жарқайың ауданы бойынша 10 өтінім беріліп, олардың жалпы сомасы 5 млрд теңгеге жуықтады. Соңғы екі жылда ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 83 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның 85%-дан астамы жеңілдетілген мемлекеттік қаржыландыру бағдарламалары арқылы алынған.
Бүгінде ауданда 480-нен астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. 2026 жылы жаздық егіс алқабы 662,3 мың гектарды құрады. Сонымен қатар қазіргі таңда Жарқайың ауданында жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Ауданда іске асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы саласының өндірістік әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Жарқайың ауданындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі болып отыр.


