Сәуір айының басынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жаңа оқу жылына құжат қабылдау басталды. Биыл болашақ магистранттар мен докторанттар үшін бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған: оқу бағдарламалары көбейіп, гранттар саны артты. Бұл туралы брифингте Академияның Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Әсет Әбжақов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Абитуриенттер үшін басты жаңалық – мемлекеттік тапсырыстың айтарлықтай ұлғаюы. Енді магистратураға бюджет есебінен 200 адам қабылданады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 80 орынға көп. Құжаттарды 1 маусымға дейін admission.apa.kz онлайн жүйесі арқылы тапсыруға болады.
Білім беру бағдарламаларының тізімі де кеңейіп, 12-ден 15-ке дейін артты. Жаңа бағыттардың қатарында «Цифрлық мемлекеттік басқару», «Құқық» және «Іскерлік әкімшілендіру» бар. Кейбір мамандықтар бойынша, мысалы экономика және халықаралық қатынастар саласында оқу мерзімі екі жылға дейін ұзартылған. Бұл болашақ басқарушылардың кәсіби білімін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Әсет Әбжақов Академияның қазіргі заман талаптарына сай білікті кадрлар даярлауға ерекше мән беретінін атап өтті.
«Биыл біз сұранысқа ие жаңа бағыттарды енгіздік. Бұл магистранттарға цифрландыру жағдайында тиімді жұмыс істеуге қажетті заманауи дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Оқуға түсу үшін үміткерлер құжаттарды электронды форматта тапсыруы қажет. Оның ішінде мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат, ал кейбір мамандықтар үшін ағылшын тілі сертификаты талап етіледі. Іріктеу кезеңі маусым айында өтеді: үміткерлер аналитикалық эссе жазып, сұхбаттан өтеді. Қабылданғандардың соңғы тізімі 10 шілдеге дейін жарияланып, қыркүйек айында жаңа магистранттар мен докторанттар оқуын бастайды.


