Ақмола облысында қаңғыбас иттердің көбеюі тұрғындар арасында өзекті әрі алаңдатарлық мәселеге айналды. Соңғы жылдары балалар алаңдарына, мектептердің маңына және тұрғын үй массивтеріне қаңғыбас иттердің шоғырлануы туралы шағымдар жиілей түсті. Алайда бұл түйткіл тек қауіпсіздік қана емес, сонымен қатар гуманизм қағидатын сақтай отырып шешілуі тиіс міндет, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, бұл мәселе тек заң аясында, қатаң емес, тек гуманды әдістермен шешілуде.
«Біз бұл проблеманы жүйелі әрі ашық түрде шешуге тырысамыз. Барлық жұмыс заң шеңберінде, қатігездікке жол берілмейді», — дейді Талғат Жүнісов.
2024 жылы қаңғыбас жануарлар санын реттеуге бағытталған төрт бағдарламаға облыстық бюджеттен 96,5 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы иттерді аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, чиптеу және арнайы жабдықталған орындарда ұстау жұмыстарына жұмсалуда.
«Бүгінге дейін 6 мыңнан астам ит ауланды. Оның 2,5 мыңнан астамы стерилизациядан және вакцинациядан өтті. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл нақты қауіптің азаюы мен аурулардың таралуының алдын алу», — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, мердігер ұйымдардың жұмысы қатаң бақылауда. Әрбір аулау әрекеті фото және бейнефиксация арқылы құжатталып, ай сайынғы есеп беріледі. Санитарлық талаптардың орындалуына да баса назар аударылады.
«Егер қандай да бір нормалар бұзылса, бұл – біз үшін серіктестікке қайта баға беруге себеп. Мұндай жағдайларға біз дереу әрекет етеміз», — деп нақтылады Жүнісов.
Басқарма азаматтардан келіп түскен өтініштерге де дер кезінде әрекет етеді. Белгілі бір аумақта иттердің көбейгені туралы ақпарат келіп түскен сәтте мамандар дереу оқиға орнына шығады.
Қаңғыбас иттер мәселесін болдырмау мақсатында басқарма түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізіп келеді. Халық арасында үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы кездесулер мен ақпараттық түсіндірулер ұйымдастырылады.
«Өкінішке қарай, қаңғыбас иттердің басым бөлігі — бұрынғы үй жануарлары. Иелері оларды көшеге тастап кетеді. Сондықтан біз әрбір азаматқа үндеу жолдаймыз: жануарларды бақылаусыз қалдырмаңыздар, міндетті түрде стерилизация жасаңыздар», — деді ветеринария басқармасының басшысы.
Басқарма бұл жұмыстың маусымдық емес, тұрақты түрде, кешенді негізде жүргізілетінін айтады. Бұл күресте тек мемлекеттік органдардың күші жеткіліксіз. Азаматтардың белсенді қатысуы аса маңызды.
«Біз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жануарларға қатысты гуманизм қағидатын ұстануға дайынбыз. Бірақ бұл жұмыс қоғаммен серіктестікте ғана тиімді болмақ. Тек бірге әрекет еткенде ғана аулаларымыз бен көшелерімізді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз ете аламыз», — деп түйіндеді Талғат Жүнісов.