Зеренді ауданында тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және спорт салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды факторына айналып отыр. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Әсет Құрманғожин мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Аудан орталығында 75 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның 61 пәтерінің кілті тұрғындарға табысталды. Сонымен қатар Шағалалы ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған 10 екіпәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Білім беру саласында өткен жылы 5 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 8 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалды. Оқушыларды тасымалдау сапасын арттыру үшін 2 арнайы автокөлік сатып алынып, 17 мыңнан астам оқулық жеткізілді.
«Әлеуметтік саланы дамыту – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Тұрғын үй, білім беру және спорт инфрақұрылымын жаңғырту арқылы біз халықтың өмір сапасын арттыруға және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ұмтыламыз», – деді Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин.
Спорт саласында да елеулі өзгерістер бар. Жаңа спорт мектебі пайдалануға берілген. Бүгінде өнер мектебінде 350 бала білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуда.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарды қолдау шаралары ауданның тұрақты дамуына негіз болып отыр.


