Ақмола облысында спорт инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде өңірде 1175 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 652-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қараулов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Биыл облыста 10 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Олар Зеренді, Мәдениет, Жаңа Қима, Красный Яр, Бозайғыр, Қорғалжын, Қырық Құдық ауылдары мен Қосшы, Көкшетау және Щучинск қалаларында ашылды. Сонымен қатар Бестөбе мен Жақсы ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы аяқталу сатысында. Степногорск қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатса, Көкшетауда Инклюзивті спорт орталығы мен 10 мың орындық футбол стадионының құрылысы басталды.
Қуаныш Карауловтың айтуынша, өңірде спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау басты міндеттердің бірі болып қала береді.
«Спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру арқылы тұрғындарды салауатты өмір салтына тартуды көздеп отырмыз. Әсіресе ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде», – дейді Қуаныш Тілеулесұлы.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста спортпен тұрақты түрде айналысатын тұрғындар саны 350 мың адамға жетіп, халықтың 43,6 пайызын құрады.
Балалар мен жасөспірімдер спортына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта 20 мыңнан астам бала спорт мектептерінде жаттықса, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 10 мыңнан астам бала спорт секцияларына тегін қатысып жүр.
Ақмола облысы қысқы спорт түрлері бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Сонымен қатар өңірде бокс, күрес, жеңіл атлетика, футбол, волейбол және баскетбол қарқынды дамып келеді. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға да ерекше назар аударылып, қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ және дәстүрлі садақ ату кеңінен насихатталуда.
«Балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту – болашаққа салынған инвестиция. Спортпен шұғылданатын тұрғындар санының артуы өңірдегі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді», – дейді Қуаныш Қараулов.
Алдағы уақытта облыста жаңа спорт нысандарын салу, ауылдық жерлердегі спортқа қолжетімділікті арттыру және тұрғындарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.


