Ақмола облысы Қазақстанның цифрлық технологияларын дамытудағы негізгі торапқа айналмақ. Осы жылдың қараша айында Қосшы қаласында қуаттылығы Алматыдағы қолданыстағы орталықтың мүмкіндіктерінен үш есе асып түсетін AI-Farabium-II суперкомпьютерін іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Ауқымды IT-жобаны іске асыру жоспарлары туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді. Жаңа жүйенің өнімділігі 4 320 петафлопсты құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ: өткен жылдың қазан айында Алматыда іске қосылған AI-Farabium суперкомпьютерінің қуаты 1,5 мың петафлопсқа тең.
Мұндай қуатты есептеу орталығын құру қажеттілігі жасанды интеллект ресурстарына деген жоғары сұраныстан туындап отыр. «Қазақтелеком» басшысының айтуынша, қазіргі таңда Алматыдағы суперкомпьютер әлемдік өнімділік рейтингінде 103-орында тұр, сонымен қатар оның қуаттылығы бүгінде 100% жүктелген.
«Қосшыда AI-Farabium-II іске қосылуы отандық әзірлеушілер мен мемлекеттік органдардың үлкен деректерді (Big Data) өңдеудегі мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге жол ашады. Бұл жай ғана техникалық жаңару емес, елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз етудегі стратегиялық қадам», — деп атап өтті Бағдат Мусин.
Мұндай нысанды орналастыру үшін Қосшы қаласының таңдалуы — жас қаланың Ақмола облысының маңызды инфрақұрылымдық және технологиялық орталығы ретіндегі мәртебесі артып келе жатқанын айқындайды. Нысанды пайдалануға беру ғылыми ортаның дамуына серпін беріп, өңірге жоғары білікті IT-мамандарын тартады деп күтілуде.


