Көкшетауда өткен облыстық агрокеңесте Ақмола облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту және көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Өңір диқандары мамыр айының басында жаппай егіс науқанына кіріспек, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі /kokshetv.kz/арнасына сілтеме жасап.
Биылғы маусымның басты ерекшелігі – егісті әртараптандыруға басымдық беріліп отыр. Яғни, дәнді дақылдар көлемін оңтайландыра отырып, майлы және мал азықтық дақылдардың үлесін арттыру жоспарланған. Бұл қадам мал шаруашылығын дамыту үшін сенімді жем-шөп базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында өңір басшысы Марат Ахметжанов егіс науқанын жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, аграрлық сектордағы жұмысшылардың қажетті ресурстары мен мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде қарастырылған.
«Біз соңғы екі жылда жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл да көрсеткіштерді жақсартамыз деген сенімдеміз. Қажетті қаржы, техника және ең бастысы – диқандардың дайындығы жоғары деңгейде», — деді Марат Ахметжанов.
Көктемгі науқанды тиімді өткізу үшін өңірде 12 мыңнан астам техника мен 18 мыңға жуық тұқым себу кешені дайын тұр. Жыл басынан бері шаруашылықтар 28 млрд теңгеге 500-ге тарта жаңа техника сатып алды.
Тұқым қоры толық жасақталып, диқандар 100 пайыз қамтылған. Ал жанар-жағармай мәселесі арнайы бақылауға алынды. Мемлекет тарапынан бөлінген 76 мың тонна отынның 25 мыңы қазірдің өзінде шаруаларға нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен жеткізілді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылық көмек көрсету мақсатында «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 536 шаруашылыққа 82,6 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ, егін өнімділігін арттыруда ғылыми негізделген агротехнологияларды қолдануға баса назар аударылуда. А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары топырақтағы ылғалды сақтау және зиянкестерге қарсы күрес шараларын дер кезінде жүргізудің маңыздылығын ескертеді.
Кеңес барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өңірде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталды. Атап айтқанда, сүт, ет және көкөніс өндірісін дамытуға бағытталған несиелендіру жобалары мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл кәсіпкерлігін жандандыруда.
Жалпы, биылғы көктемгі егіс науқанында 5,6 млн гектар алқапқа дәнді-дақылдар себіледі деп жоспарланған. Алдағы мақсат – ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 7 пайызға арттырып, 1,3 трлн теңгеге жеткізу.


