Степногорск қаласына қарасты Ақсу елді мекеніндегі негізгі орта мектебінде оқушыларға арналған жаңа робототехника кабинеті салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен және «Алтыналмас» АҚ компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған маңызды әлеуметтік бастама болып табылады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Жаңа кабинет оқушылардың техникалық ойлау қабілетін жетілдіріп, инженерлік және цифрлық дағдыларды ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мектепте 42 оқушы білім алады, оқу процесі бір ауысыммен ұйымдастырылған. 1995 жылы салынған білім ордасында мектепке дейінгі шағын орталық (мини-центр) те жұмыс істейді, бұл ауыл балалары үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастырып отыр.
Робототехника кабинетінің ашылу рәсіміне Ақсу кентінің әкімі, «Алтын Алмас» АҚ өкілі, білім бөлімінің басшылығы, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығы қатысты. Қонақтар мектеп ұжымын және оқушыларды жаңа оқу кеңістігінің ашылуымен құттықтап, цифрлық білім берудің қазіргі қоғамдағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жаңа кабинетте оқушылар роботтарды құрастыру, бағдарламалау және жобалық жұмыстармен айналысу арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Бұл өз кезегінде олардың болашақта инженерлік, IT және техникалық мамандықтарға ерте бейімделуіне жол ашады.
Оқушылардың өзі де жаңа мүмкіндіктерге ерекше қуанышты. Мектеп оқушысы өз әсерімен бөлісті:
«Бұрын роботтарды тек кітаптан немесе интернеттен көретінбіз. Енді оларды өз қолымызбен құрастырып, бағдарламалауға мүмкіндік туды. Бұл сабақтар біздің болашақта инженер болу арманымызға бір қадам жақындатты», – дейді оқушылар.
Робототехника кабинеті – ауыл мектебі үшін үлкен жетістік әрі білім беру саласындағы жаңашыл қадам. Мұндай мүмкіндіктер оқушылардың әлеуетін ашып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге негіз болары сөзсіз.


