Балкашино ауылында тұрғын үйді сатып алу бағдарламасы аясында салынған жаңа 16 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Пәтер кілттері қазірдің өзінде балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі жандар қатарынан 16 отбасыға табысталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Балкашин ауылдық округінің әкімі Дулат Жахиннің айтуынша, үйдің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, желтоқсанында толық аяқталған.
«Тұрғын үйлер таза әрлеумен тапсырылды — сантехника, газ плитасы, су жылытқыштар орнатылып, барлық қажетті коммуникациялар қосылған. Пәтерлер бірден қоныстануға дайын. Қазір бұл үйде 16 отбасы тұрып жатыр: үшеуі – балалар үйінің тәрбиеленушілері, төрт көпбалалы отбасы және тоғыз әлеуметтік осал санат өкілдері. Бүгінде 254 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін осындай тағы бір үйді пайдалануға береміз», — деді әкім.
Жаңа қоныстанушылардың бірі — толық емес отбасы ретінде тұрғын үй алған жергілікті тұрғын Татьяна Ким.
«Біз 2020 жылдан бері, бес жыл бойы кезекте тұрдық. Ақпанда екі бөлмелі пәтер алдық. Бұған дейін ата-анамызбен бірге тұрған едік, енді өз шаңырағымыз бар. Мұнда өте жайлы, жылы, сапасы жақсы. Осындай мүмкіндік бергені үшін әкімдікке және мемлекетке алғыс айтамыз», — деді ол қуанышымен бөлісіп.


