Жыл сайын жүздеген әйел психологиялық және физикалық қысымға ұшырайды. Осыған орай Ақмола облысында Әйелдер көшбасшылығы мектебі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жобаны «Әйелдер нұры» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ Ақмола облыстық полиция департаменті бірлесіп өткізді.
«Біздің басты мақсатымыз – әйелдерге өз күшіне сенуге мүмкіндік беру және жаңа мүмкіндіктер ашу. Осы екінші кезеңге қатысқан әйелдер өзгелерді де өзгерістерге шабыттандырады деп сенеміз», – деді жастар және отбасы істері бөлімінің бас маманы Мерейлім Қараулова.
Үш күн бойы Гуманитарлық-техникалық академия базасында қатысушыларға дәрістер, тренингтер мен тәжірибелік сабақтар өткізілді. Онда әйелдердің құқықтары, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және елдегі саяси процестер талқыланды. Жобаға облыстың әртүрлі аудандарынан келген 35 әйел қатысып, сертификаттар мен мамандардың кеңестерін алды.
Ұйымдастырушылар зорлық-зомбылық көрген және қиын жағдайдан өткен әйелдерге ерекше көңіл бөлді. 11 қатысушыға арналған «өзгеріс күні» ұйымдастырылып, кәсіби визажистер мен шаштараздар олардың сыртқы келбетін өзгертуге көмектесті. Ал психологтар әйелдерге эмоциялық қолдау көрсетіп, өмірге позитивті көзқарас қалыптастыруға ықпал етті.
«Біздің міндетіміз – әйелдерге тек дағдарыстан шығуға көмектесу ғана емес, сонымен бірге олардың жалғыз еместігін сезіндіру. Тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі де күрделі мәселе болып отыр. Осындай жобалар зардап шеккендерге болашаққа сеніммен қарауға және күш-жігерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді», – деді Ақмола облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің капитаны Әльбина Дәуенова.
Психологтардың айтуынша, мұндай іс-шаралар әйелдердің эмоционалды тепе-теңдігін қалпына келтіруге, өзін-өзі бағалауын арттыруға және жағымды ой қалыптастыруға көмектеседі. Қатысушылардың өзі де «өзгеріс күні» оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, жаңа жоспарларға шабыт бергенін айтты.