23.5 C
Kokshetau
Басты бетБрифингАқмола облысында қылмыс 24 пайызға азайды

Ақмола облысында қылмыс 24 пайызға азайды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысында биылғы алты айда қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, өңірде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,3 пайызға азайған. Сонымен қатар интернет-алаяқтық фактілері екі есеге жуық қысқарған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, әділет кеңесшісі Ақыл Қарпықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың құқық қорғау органдарына қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты 49,5 мыңнан астам арыз-шағым мен хабарлама түскен. Ал Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде 2163 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Жалпы облыс бойынша қылмыс азайғанымен, Астрахан, Сандықтау, Атбасар және Бұланды аудандарында қылмыстың аздап өсуі байқалады.

Тіркелген құқық бұзушылықтардың ең көп үлесі Көкшетау қаласына тиесілі. Сонымен қатар Бурабай, Степногорск, Целиноград және Атбасар аудандары да қылмыс жиі тіркелетін өңірлер қатарында.

Ақыл Қарпықбаевтың айтуынша, соңғы жылдары қоғам үшін ең өзекті қауіптердің бірі – интернет-алаяқтық.

 «Заманауи технологиялардың дамуы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, алаяқтардың да әрекет ету тәсілдері күрделене түсті. Сондықтан құқық қорғау органдары цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше көңіл бөліп отыр», – деді ол.

2025 жылдың шілдесінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен Ұлттық банк бірлесіп іске қосқан Антифрод орталығы осы бағыттағы маңызды жобалардың біріне айналды. Орталық күмәнді ақша аударымдарын жедел анықтап, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде биыл өңірде алаяқтық қылмыстары 52,7 пайызға, ал интернет арқылы жасалған алаяқтық 55,9 пайызға төмендеген. Республика бойынша Антифрод орталығы іске қосылғалы бері 40 мыңнан астам күмәнді жағдай тіркелсе, оның 1200-ден астамы Ақмола облысына тиесілі.

Сонымен бірге бүгінде ұялы байланыс операторлары да жүйеге қосылып, алаяқтардың қоңырауларын автоматты түрде анықтап, азаматтармен сөйлесуді тоқтату мүмкіндігіне ие болды.

Департамент өкілдері тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап банк карталары мен шоттарын ақша үшін бөгде адамдарға пайдалануға берген азаматтарға қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жыл басынан бері Ақмола облысында азаматтардың өз банк карталары мен онлайн-банкинг деректерін үшінші тұлғаларға беруіне байланысты 71 қылмыстық іс тіркелген.

 «Ешқандай жағдайда банк картасының деректерін, SMS-кодтарды немесе онлайн-банкингке қолжетімділікті бөгде адамдарға беруге болмайды. Мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін», – деп ескертті Ақыл Қарпықбаев.

Облыста есірткі қылмыстары бойынша да бақылау жалғасуда. Алты айда осы санаттағы 191 құқық бұзушылық тіркелген. Кейбір аудандарда мұндай қылмыстардың өсуі байқалғанымен, құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатыр.

Құқықтық статистика комитеті бүгінде тек статистика жүргізіп қана қоймай, тұрғындарға бірқатар мемлекеттік қызметтерді де электронды форматта ұсынады. Соттылық туралы анықтама алу, прокуратура құжаттарына апостиль қою және басқа да қызметтердің басым бөлігін eGov порталы арқылы үйден шықпай-ақ рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар азаматтар *QAMQOR.GOV.KZ* порталында қылмыс картасын, жол-көлік оқиғалары картасын, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар картасын және кәсіпкерлерді тексеру картасын көре алады. Бұл сервистер тұрғындарға өз өңіріндегі криминогендік ахуалмен танысуға мүмкіндік берсе, құқық қорғау органдарына алдын алу шараларын тиімді жоспарлауға көмектеседі.

Бүгінде өңірдегі қылмыстық істердің 93,5 пайызы электронды форматта тергелуде. Бұл тергеу барысының ашықтығын арттырып, процестерді жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар азаматтарға онлайн заң көмегін алу және қылмыстық іс бойынша өзіне қатысты құжаттарды қашықтан көру мүмкіндігі де жасалған.

Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, күмәнді қоңырауларға сенбеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Себебі цифрлық технологиялар дамыған сайын ақпараттық қауіпсіздік әр азаматтың жеке жауапкершілігіне де айналып келеді.

spot_img

Тақырып бойынша мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Байланыста болыңыз

17,600Оқырмандарорындаңыз
1,200Оқырмандарорындаңыз
2,008Жазылушыларжазылу
Kokshetau
clear sky
23.5 ° C
23.5 °
23.5 °
51 %
1kmh
0 %
Пт
23 °
Сб
32 °
Вс
32 °
Пн
34 °
Вт
31 °

Соңғы мақала