15.3 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарДомбыра – өткеннің мұрасы емес, бүгінгі жастардың да таңдауы

Домбыра – өткеннің мұрасы емес, бүгінгі жастардың да таңдауы

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ұлттық домбыра күні – қазақтың төл өнеріне тағзым жасайтын ерекше мереке. Домбыра – халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті мұра. Бүгінде бұл өнерді жаңа деңгейге көтеріп жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – айтыскер ақын, ұстаз, республикалық және облыстық айтыстардың жүлдегері Берденбек Мырзат, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

Ақынның айтуынша, оның өнер жолы айтыстан емес, мектеп қабырғасында өлең жазудан басталған. Ақындыққа деген қызығушылығын алғаш болып байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жас талаптың шығармашылыққа деген ынтасын қолдап, қанаттандырған.

«Менің ақындық жолым жазба поэзиядан басталды. Мектеп қабырғасында өлең жазып, түрлі мүшәйраларға қатысып жүрдім. Сол кезде ұстазым бойымдағы қабілетті байқап, ақындыққа деген жолымды ашты. Егер жақсы ұстаздың қолдауы болмаса, бүгінгі жетістіктерім де болмас па еді деп ойлаймын», – дейді Берденбек Мырзат.

Кейін жазба поэзиядан суырыпсалма өнеріне бет бұрған жас ақын бүгінде еліміздің түрлі өңірлерінде өткен республикалық және облыстық айтыстарда топ жарып жүр. Оның айтуынша, айтыстағы жетістік тек талантқа емес, үлкен дайындыққа байланысты.

Әрбір айтыстың алдында ақын өзі баратын өңірдің тарихын, мәдениетін, белгілі тұлғаларын зерттейді. Бұл – қарсыластың сөзін қайтару ғана емес, елдің тарихын құрметтеу және тыңдарманға мазмұнды ой жеткізудің маңызды бөлігі.

«Айтыс – үлкен жауапкершілік. Сахнаға шыққан ақын өз өңірінің ғана емес, бүкіл елдің сөзін сөйлейді. Сондықтан көп іздену керек. Тарихты, әдебиетті, мәдениетті білмей, мықты айтыс жасау мүмкін емес», – дейді айтыскер ақын.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің дамуы ұлттық өнердің жаңа тынысын ашып отыр. Бұрын айтысты тек теледидардан немесе үлкен сахналардан көруге мүмкіндік болса, бүгінде оның үзінділері TikTok, Instagram секілді платформалар арқылы миллиондаған көрерменге жетуде.

Берденбек Мырзат мұның жастардың айтысқа деген қызығушылығын арттырғанын айтады. Оның пікірінше, қазіргі айтыстың форматы да өзгеріп келеді. Әзіл-қалжың, еркін пікір алмасу, тың форматтар жастардың ұлттық өнерге жақындауына ықпал етіп отыр. Дегенмен айтыстың негізгі мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, халықтың үнін жеткізу екенін ұмытпау қажет.

Бүгінде Берденбек Мырзат мектепте аға тәлімгер болып жұмыс істейді. Ұстаз ретінде ол оқушылардың бойындағы шығармашылық қабілетті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, өлеңге, әдебиетке, домбыраға қызығатын жастардың қатары аз емес. Ең бастысы – олардың талабын дер кезінде байқап, дұрыс бағыт беру.

Жас ақынның өзі де шабытты туған жерден, елге деген сүйіспеншіліктен алатынын айтады. Оның пікірінше, нағыз ақын үшін ең үлкен қозғаушы күш – халықтың сенімі мен туған елге деген махаббат.

Ұлттық домбыра күні – тек мереке ғана емес, ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсететін маңызды күн. Домбыраның үні ғасырлар бойы үзілмей жеткендей, бүгінгі жастардың да осы өнерді жалғастыруы – ұлттық рухтың мәңгі жасайтынының айқын дәлелі.

spot_img

Тақырып бойынша мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Байланыста болыңыз

17,600Оқырмандарорындаңыз
1,200Оқырмандарорындаңыз
2,008Жазылушыларжазылу
Kokshetau
scattered clouds
15.3 ° C
15.3 °
15.3 °
94 %
4kmh
31 %
Пт
16 °
Сб
20 °
Вс
23 °
Пн
26 °
Вт
27 °

Соңғы мақала