-8.6 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарВакцинация – жұқпалы аурудан қорғайтын ең сенімді қалқан

Вакцинация – жұқпалы аурудан қорғайтын ең сенімді қалқан

Сондай-ақ, оқыңыз...

Жұқпалы аурулардың алдын алуда вакцинацияның орны ерекше. Бұл – адамзат денсаулығын сақтауға бағытталған медицинаның ең ірі жетістіктерінің бірі әрі жұқпалы инфекцияларға қарсы күрестегі ең тиімді профилактикалық шара. Иммундау бағдарламаларының нәтижесінде бұрын миллиондаған адамның өмірін жалмаған көптеген қауіпті инфекциялардың таралуы едәуір азайып, кейбірі толық жойылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, вакцинация жыл сайын әлем бойынша 2–3 миллион адамның өмірін сақтап қалады.

Вакцинаның негізгі мақсаты – ағзада белгілі бір инфекцияға қарсы қорғаныс қабілетін қалыптастыру. Вакцина егілгеннен кейін иммундық жүйе ауру қоздырғышын танып, оған қарсы антиденелер түзеді. Соның нәтижесінде адам кейін сол инфекциямен бетпе-бет келген жағдайда ағзасы ауруға жылдам әрі тиімді қарсы тұра алады. Бұл жұқтыру қаупін азайтып қана қоймай, аурудың ауыр өтуі, асқынуы мен өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде вакцинация қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, вирустық гепатиттер және басқа да қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алудың сенімді құралына айналды. Бұл инфекциялар ауыр асқынуларға, мүгедектікке, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Қазақстанда профилактикалық егулер жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның арқасында елімізде полиомиелит пен дифтерияның таралуына жол берілмеді, ал қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, вирустық гепатит А және басқа да инфекциялар бойынша сырқаттанушылық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл – вакцинацияның қоғамдық денсаулықты қорғаудағы шешуші рөлін айқын дәлелдейтін нақты нәтиже.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне 13 жұқпалы ауруға қарсы жоспарлы вакцинация енгізілген. Олардың қатарында туберкулез, В және А вирустық гепатиттері, «b» типті гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, пневмококк инфекциясы және өзге де әлеуметтік маңызы жоғары инфекциялар бар. Ал 2024 жылдан бастап Ұлттық егу күнтізбесіне адам папилломасы вирусына қарсы вакцина қосылды. Бұл екпе жатыр мойны обырының және аталған вирус тудыратын өзге де аурулардың алдын алуға бағытталған.

Вакцинацияның тағы бір маңызды артықшылығы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Халықтың басым бөлігі егілген жағдайда инфекциялардың таралу тізбегі үзіліп, олардың кең көлемде таралу қаупі күрт төмендейді. Көптеген жұқпалы аурулар бойынша мұндай қорғаныс деңгейіне қол жеткізу үшін вакцинациямен қамту көрсеткіші кемінде 95 пайыз болуы қажет. Бұл, әсіресе, денсаулық жағдайына байланысты екпе ала алмайтын азаматтарды, жаңа туған нәрестелерді және иммундық жүйесі әлсіреген адамдарды қорғауда аса маңызды.

Қазіргі қолданылып жүрген вакциналардың қауіпсіздігі халықаралық ғылыми зерттеулермен және көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Әрбір вакцина қолданысқа енгізілгенге дейін бірнеше кезеңнен тұратын клиникалық зерттеулерден өтеді. Бұл зерттеулер барысында оның тиімділігі, қауіпсіздігі мен сапасы жан-жақты бағаланады. Вакцина медициналық тәжірибеде қолданылғаннан кейін де оның қауіпсіздігі тұрақты бақылауда болады.

Өкінішке қарай, вакцинациядан бас тарту немесе егумен қамту деңгейінің төмендеуі жұқпалы аурулардың қайта белең алуына әкелуі мүмкін. Әлемдік тәжірибе мұның нақты мысалдарын көрсетіп отыр. Вакцинация деңгейі төмендеген өңірлерде бұрын бақылауға алынған инфекциялар қайта тіркеліп, ауру ошақтары пайда болады. Соның салдарынан эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, ауыр сырқаттар мен өлім-жітім көбейеді, ал денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ артады.

Сондықтан Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес профилактикалық егулерді белгіленген мерзімде алу – әрбір азаматтың өз денсаулығына ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігінің де көрінісі. Уақтылы салынған вакцина балалар мен ересектерді қауіпті жұқпалы аурулардан қорғап, ауыр асқынулардың алдын алады және мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Денсаулық – әр адамның баға жетпес байлығы. Оны сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Себебі жұқпалы аурулардың алдын алу емдеуден әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған әрбір азамат профилактикалық егудің маңызын түсініп, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцина алуды азаматтық парызы ретінде қабылдауы тиіс. Бұл – әр отбасының амандығы мен елдің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам.

Серік Омарханов,
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

spot_img

Тақырып бойынша мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Байланыста болыңыз

17,600Оқырмандарорындаңыз
1,200Оқырмандарорындаңыз
2,008Жазылушыларжазылу
Kokshetau
few clouds
-8.6 ° C
-8.6 °
-8.6 °
95 %
1.5kmh
15 %
Пт
-2 °
Сб
2 °
Вс
5 °
Пн
4 °
Вт
2 °

Соңғы мақала