Қорғалжын ауданында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әсіресе сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және жол желісін жаңғырту мәселелері ауданның басты басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Алмас Алин мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Бүгінде ауданның 18 елді мекенінің 13-і орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылған. Осы бағыттағы ең ірі жобалардың бірі – Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жоба бірнеше кезеңнен тұрады және аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта жобаның үшінші кезеңі іске асырылуда. Оның аясында бірнеше ауылға жаңа су желілері тартылып, су сақтау инфрақұрылымы жаңартылуда. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға және сумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қорғалжын – Баршын автомобиль жолының 36 шақырымдық учаскесінде жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар Шалқар ауылының кірме жолдары жаңартылып, ауданішілік көлік қатынасының сапасын арттыру шаралары қолға алынған.
Астана қаласына қатынайтын жаңа автобус маршрутының ашылуы тұрғындар үшін маңызды жаңалықтардың бірі болды. Бұл аудан тұрғындарының елордамен әлеуметтік, экономикалық және іскерлік байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту – аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырудың басты шарттарының бірі. Біз халықтың сұранысына сәйкес нақты жобаларды жүзеге асырып, ауылдардың дамуына жағдай жасап келеміз», – деді аудан әкімі Алмас Алин.
Инфрақұрылымдық жобалардың табысты жүзеге асырылуы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болуда.


