Қорғалжын ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы аудан экономикасының негізгі саласы саналатын ауыл шаруашылығында оң динамиканың сақталғанын көрсетті. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Алмас Алин мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммунинкациялар қызметінен.
Жыл басынан бері ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 916 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Мал шаруашылығы саласында 314 тонна ет өндіріліп, өсім 10 пайызды құрады. Сүт өндірісі де тұрақты өсім көрсетіп, 661 тоннаға жетті. Бұл көрсеткіштер ауданның аграрлық секторындағы тұрақты өсім мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін айқын көрсетеді.
Биыл аудан бойынша көктемгі егіс науқаны толық аяқталып, 173 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 148 мың гектарға дәнді дақылдар егілсе, майлы дақылдардың көлемі бұрынғыдан едәуір ұлғайды. Жоспарланған 8,6 мың гектардың орнына 18 мың гектар алқапқа майлы дақылдар себілді. Бұл шаруашылықтардың нарық сұранысына бейімделіп, өндірісті әртараптандыруға бет бұрғанын көрсетеді.
Ауданда суармалы егіншілікті дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Өткен жылы «САСС АГРО» серіктестігі 141 гектар суармалы алқапта рапс өсіріп, гектарынан 30,5 центнер өнім алған. Бұл тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеп, биыл «Жәнібек Керей» ЖШС 330 гектар суармалы жер жобасын іске асыруда. Ал келесі жылы «Кенбидай Астық» ЖШС тағы 400 гектар суармалы алқапты игеруді жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруда техникалық жаңғырту маңызды рөл атқарады. Осы бағытта аудан шаруашылықтары заманауи техника паркін жаңартуды жалғастыруда. Жыл басынан бері жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын 34 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, егіс және жинау жұмыстарын қысқа мерзімде әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
«Ауыл шаруашылығы – Қорғалжын ауданы экономикасының негізгі тірегі. Біз өндірісті әртараптандыруға, суармалы егіншілікті дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді аудан әкімі Алмас Алин.
Мемлекеттік қолдау шаралары, жаңа технологиялар мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы Қорғалжын ауданының аграрлық әлеуетін күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруда. Сарапшылардың пікірінше, ауыл шаруашылығын әртараптандыру және суармалы егіншілікті кеңейту алдағы жылдары аудан экономикасының өсуіне қосымша серпін береді.


