Жарқайың ауданына қарасты Гастелло ауылында инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы маңызды жоба аяқталды. Жергілікті тұрғындардың көптен күткен өтініші орындалып, Шоссейная көшесі заманауи жарықшамдармен қамтылды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі, Кокше арнасына сілтеме жасап.
Бұл жобаның ерекшелігі – жұмыстардың жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен жүзеге асырылуында. Ақпан айында басталған дайындық жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, бүгінде 11 заманауи шам ауыл түнін нұрландырып тұр.
Шоссейная көшесінің жарықпен қамтылуы жай ғана жайлылық емес, бұл – ең алдымен қауіпсіздік мәселесі. Аталған көше республикалық маңызы бар тас жолдың іргесінде орналасқандықтан, мұндағы көлік қозғалысы өте жоғары. Жаңа жарықшамдар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, түнгі уақытта жүргізушілер үшін де жол көрінісін жақсартты. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді.
Ауыл тұрғыны Бижамал Көбекова бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алғанын айтады:
«Саналы ғұмырым осы көшемен байланысты, мұнда бұрын ешқашан жарық болмаған. Енді кешкі уақытта серуендеу де, жұмыстан кейін үйге қайту да қауіпсіз әрі қолайлы болды. Бұл біз үшін өте үлкен өзгеріс», – дейді ол.
Гастелло ауылының әкімі Айгүл Сайдалинаның айтуынша, Шоссейная көшесіндегі жұмыс – бұл ауылды абаттандырудың бастамасы ғана. Жергілікті әкімдік тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында кешенді жоспарды іске асыруда.
«Біз ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға қатысты жұмыстарды кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз. Шоссейная көшесіне орнатылған жарық – азаматтарымыздың жайлы өміріне жасалған нақты қадам. Жақын арада жарықтандыру жұмыстары ауылдың өзге де учаскелерінде жалғасатын болады», – деп атап өтті ауыл әкімі.
Ауылдағы оң өзгерістер жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы тығыз байланыстың және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі көрінісі болса керек. Бүгінде Гастелло ауылы жаңа кейіпке еніп, заманауи ауыл стандарттарына қадам басып келеді.


