Көкшетау қаласында өткен жылдан бері Ақмола облысы білім басқармасына қарасты Аутизмі бар балаларды (аутистік спектр бұзылыстары бар) қолдау орталығы жұмыс істеп келеді. Орталықта күндізгі және тәулік бойы болу мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Мекеменің негізгі мақсаты — аутизмі бар балаларды әлеуметтендіру, бейімдеу және олардың қарым-қатынас дағдыларын дамыту. Бүгінде орталық өңірдегі ерекше балаларға мамандандырылған көмек көрсетудің маңызды буынына айналды.
Орталық екі қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда тәрбиеленушілердің оқуы мен тұруына барлық қажетті жағдай жасалған. Оқу кабинеттері, ойын бөлмелері, жатын бөлмелер мен асхана жабдықталған, бұл балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады.
Қазіргі таңда орталықта 18 бала қызмет алады . Толық емес күндік 4 топтың жұмысы ұйымдастырылған — сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін және 14:00-ден 17:00-ге дейін. Сонымен қатар, тәулік бойы болатын бір топ бар, онда Буланды ауданының Макинск қаласынан келген екі бала тәрбиеленуде.
Балалармен білікті мамандар жұмыс істейді: үш дефектолог, логопед, бес тәрбиеші, әлеуметтік педагог, сондай-ақ тәрбиешілердің көмекшілері мен тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ететін медициналық мейіргерлер.
Орталықта топтық және жеке түзете-дамыту сабақтары өткізіледі.
Орталықтың басшысының міндетін атқарушы Сауле Молгаждарованың айтуынша, әр балаға үш ай мерзімге жеке дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бағдарлама бастапқы тексеру мен диагностика нәтижелері негізінде құрылады.
«Орталыққа балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің қорытындысы және ата-аналардың келісімі негізінде қабылданады. Ұсынымдарға сәйкес балалар топтарға бөлінеді, ал бағдарламаны аяқтағаннан кейін қажет болған жағдайда қайта курс өтуіне мүмкіндік бар. Сонымен қатар, орталық ата-аналарға кеңес беру көмегін де көрсетеді», — деп толықтырды Сауле Молгаждарова.


