Бұрын көктем мезгілі көптеген жас үшін тек оқу жылының аяқталуымен байланысты болса, биыл өңірде басымдық армия ұсынатын жаңа мүмкіндіктерге ауысты. Облыста өткен шақыру науқандарының қорытындысы шығарылып, 2026 жылғы көктемгі әскерге шақырудың негізгі міндеттері айқындалды. Іріктеу үдерісінің қалай өтетіні және қазіргі Отан қорғаушыларға қандай жеңілдіктер қарастырылғаны жөнінде брифингте қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
«Біздің басты міндетіміз – әскерді сапалы жасақтау және үдерістің толық ашықтығын қамтамасыз ету. Шақыру екі кезеңнен тұрады: алдымен аудандық бөлімдерде деректер нақтыланады, кейін жастар медициналық комиссиядан өтеді. Биыл оң динамиканы байқап отырмыз: көптеген азаматтар шақырту қағазын күтпей-ақ өз еркімен келуде. Бұл – жастардың саналы таңдауы», – деді Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қанат Омаров.
Өткен кезеңдерде өңірден 2 мыңнан астам азамат Отан қорғаушылар қатарына қосылды. Олардың басым бөлігі Қарулы Күштерге, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен Шекара қызметіне жіберілді. Бұдан бөлек, шақырылушылар Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері мен Мемлекеттік күзет қызметінде де қызмет атқаруда. Биылғы көктемгі науқан да қарқын алып отыр: наурыз айынан бастап ҰҚК Шекара қызметіне алғашқы жас сарбаздар салтанатты түрде аттандырылды.
Бүгінде армия тек тәртіп мектебі ғана емес, сенімді әлеуметтік лифтке айналып отыр. Әскери қызметін адал атқарып, үздік нәтиже көрсеткендер үшін білім беру саласында елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы департаменттің заң қызметінің бастығы, лейтенант Бауыржан Есполов атап өтті.
«Қызмет барысында өзін жақсы қырынан танытқан сарбаздарға еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталады. Мәселен, өткен жылдың көктемінде осындай сертификаттарды 20 жерлесіміз иеленді. Сонымен қатар, демобилизациядан кейін бір жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бар. Денсаулық жағдайына байланысты жарамсыз деп танылған немесе заңды түрде кейінге қалдыру құқығы бар азаматтар әскери қызметке шақырылмайды – бұл жерде заң талаптары қатаң сақталады», – деді Бауыржан Есполов.
Тағы бір маңызды жаңашылдық кәсіби дамуға қатысты. Жоғары немесе арнаулы орта білімі бар сарбаздар мерзімді қызметтің алты айынан кейін ерікті түрде келісімшартқа отырып, әскери жолын кәсіби деңгейде жалғастыра алады.
Қазіргі таңда облыстағы шақыру науқаны қалыпты режимде өтуде. Барлық тиісті қызметтер қойылған міндеттерді орындауға толық дайын.


