Ауданда суды қауіпсіз өткізуге дайындық бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қауіпті аймақта 16 елді мекен орналасқан, оларды қорғау үшін кешенді инженерлік шаралар іске асырылуда. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысы мен қорғаныс құрылыстарының дайындығы туралы аудан әкімі Кенеш Әлімжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
«Біз қосымша үйінділер жасап, жаңа су өткізу құрылыстарын салдық. Биыл қар шығару қарқынын екі есеге арттырдық – көшелерден шамамен 200 мың текше метр қар шығарылды. Бұл еріген қар суының елді мекендерден кедергісіз ағып кетуіне мүмкіндік береді», — деді Атбасар ауданының әкімі.
Дала суларынан қорғануға ерекше назар аударылды. Алматы – Екатеринбург тас жолында ғалымдардың ұсынысымен қорғаныс бөгеттері салынып жатыр. Бұл құрылыстар су ағынын Қамысты және Ұзынкөл көлдеріне бағыттап, Атбасардың тұрғын алаптарына төнетін қауіптің бетін қайтарады.
«Жабай өзенінің арнасын тазарту жұмыстары толық аяқталуға жақын. Жеті шақырымдық учаскеде өзен арнасын 30 метрден 120 метрге дейін кеңейтіп, түбін едәуір тереңдеттік. Бұл өзеннің су өткізу қабілетін үш есеге арттырды. Сондай-ақ кептелістерді болдырмау үшін мұзды алдын ала жару әдісімен қопсыттық», — деп атап өтті Кенеш Әлімжанов.
Жұмысқа төрт мамандандырылған жасақ пен аумақтық қорғаныс сарбаздары тартылған. Жергілікті меценаттар тамақтандыру және баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне көмек көрсетуде. Материалдардың дайындалу барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Бегахмет Махметов баяндады.
«Қауіпті учаскелерді нығайту үшін 39 мың қап дайындалды, оның 12 мыңына құм толтырылып, ауылдық округтерге берілді. Ауданда күш пен техника жеткілікті, жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр», — деп атап өтті әкімнің орынбасары.
Бүгінгі таңда Жыланды және Жабай өзендеріндегі су деңгейі тұрақты. Жағдай жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.


