18 жасқа толған мектеп түлектері орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарына оқуға түспеген жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айырылуы мүмкін. Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері диплом алғаннан кейін жұмысқа орналаспаса, белгілі бір уақыт өткен соң сақтандыру мәртебесін жоғалту қаупі бар. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Ақмола облысы бойынша филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметіннен.
18 жасқа дейінгі балалар мен күндізгі бөлімде оқитын студенттер жеңілдік санатына кіреді. Яғни бұл азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Алайда белгілі бір жағдайларда балалар мен студенттер сақтандырылған мәртебесін жоғалтуы мүмкін.
«Мектеп, колледж және жоғары оқу орны түлектері екі себепке байланысты сақтандырылған мәртебеден айырылуы мүмкін. Біріншісі – мектеп түлектері 18 жасқа толып, әрі қарай оқу орнына түспеген жағдайда. Екіншісі – колледж немесе жоғары оқу орнын тәмамдаған жастар диплом алғаннан кейін үш ай ішінде жұмысқа орналаспаса», – деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және азаматтардың өтініштерін қарау бөлімінің басшысы Шанхи Голубева.
Мектеп түлектері колледждерге немесе жоғары оқу орындарына түскен жағдайда «18 жасқа дейінгі балалар» жеңілдік санатынан «студенттер» санатына өтеді. Осылайша олар оқу кезеңінің толық мерзімі ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін сақтайды.
Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері білімін келесі деңгейде жалғастырса (бакалавриат, магистратура, докторантура және т.б.) немесе ресми түрде жұмысқа орналасса, сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкер үшін МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдар төлейді.
«Студенттер үшін тағы бір маңызды жайт – егер олар күндізгі бөлімде оқып жүріп, қатарынан жұмыс істесе, жеңілдік санаты сақталады және олар МӘМС бойынша жарна төлеуден босатылады. Ол үшін студент жұмыс берушіге оқу орнынан анықтама ұсынуы қажет», – деп атап өтті Шанхи Голубева.
Шетелде білім алып жатқан қазақстандық студенттер үшін де МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебені сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Олар Egov.kz порталы арқылы дербес тіркеліп, өз мәртебесін растауына болады.
Сонымен қатар Қордың облыстық филиалы мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері арасында сақтандырылған мәртебені жоғалтып алмау үшін тұрақты түрде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.


