Валиханово ауылындағы «Ақ-Бидай» наубайханасында 30 жылдан астам уақыт адал еңбек етіп келе жатқан Сария Сағындықова ауыл тұрғындарына сапалы нан сыйлап, ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Таңның атысынан кештің батысына дейін пештің қасында еңбек еткен Сария үшін бұл жұмыс тек табыс көзі емес, ауыл халқына қызмет ету жолы болды. Оның әр бөлке наны тек дәмді ғана емес, ауылдастарға береке әкелетін адал еңбектің жемісі, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Ұзақ жылдар бойғы табанды жұмысы үшін ол Жарқайың ауданы әкімінің «Дәмді нан үшін» алғыс хатымен марапатталған, кәсібилігі мен жауапкершілігі аудан мен облыс газеттерінде бірнеше мәрте мақталып келді.
Сария 1963 жылы Башқұртстанның Яушево ауылында дүниеге келген. Балалық шағын ата-анасымен Қазақстанда өткізген ол Ақмола облысы Есіл ауданында өскен. Жастайынан еңбекке бейім, жауапкершілікті сезінетін Сария өмір жолын адал еңбектен бастаған. Ветеринария мамандығы бойынша техникум бітіргеннен кейін тағдыр оны басқа салаға бағыттады. 1990 жылдардың басында ол Жарқайың ауданына қоныс аударып, Валиханово ауылын өзінің екінші отанына айналдырды.
Ауылдағы өмір Сария үшін тек еңбекпен шектелмейді. Отбасында ол арқа сүйер ана, мейірімі мол әже. Жолдасымен 45 жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұл-қыз өсірген Сария немерелерінің жетістігіне қуанады. Зейнет демалысында болса да, ауыл өмірінен қол үзбей, елдің жай-күйіне алаңдайтын жан ретінде танылған.
Сария Сағындықованың өмір жолы адал еңбектің, жауапкершіліктің және адамға қызмет етудің нақты үлгісі. Оның еңбегі ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартып, қоғамның іргесін берік сақтауға үлес қосуда. Осындай жандардың арқасында ауылдың шамы сөнбейді, қоғам дамып, жас ұрпаққа еңбек ету мен адалдықтың құндылығы көрсетіледі.
«Мен үшін еңбек тек табыс көзі емес, адамдарға пайда келтіру. Таңертең пешке нан салғанда, ауылдастарымның дастарқанына береке барсын деп тілеймін. Еңбегіңді адал атқарсаң, ол міндетті түрде өз жемісін береді»,- дейді Сария.


