Сандықтау ауданы кеңейтілген мемлекеттік қолдау мен техниканы жаңғырту арқасында егін өнімділігінің артуын және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көрсетіп келеді. Орақ науқанының қорытындылары аграрлық салаға салынған инвестициялардың стратегиялық маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл ауданға көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 15 млрд теңгеден асып, фермерлер 12 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Қолдау алуға берілген 114 өтінімнің барлығы мақұлданды. Сонымен қатар шаруашылықтар техника паркін айтарлықтай жаңартты: тракторлар, комбайндар, егіс кешендері және өзге де ауыл шаруашылығы техникаларын қоса алғанда, 107 бірлік техника сатып алынды. Жеңілдетілген лизинг аясында қосымша 94 бірлік техника алынды.
Орақ науқаны да жоғары нәтижелермен ерекшеленді. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың жалпы түсімі 735 мың тоннадан асып, өткен жылмен салыстырғанда 106 мың тоннаға көбейді. Орташа өнімділік гектарына 23,6 центнерді құрады. Маңызды рөл атқарған агротехникалық шаралар қатарында 45 мың гектар парды өңдеу, 165 мың гектар алқапта сүдігер жырту, сондай-ақ 50,9 мың тонна тұқым қорын дайындау бар.
Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай аталған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті:
«Техника мен технологияға салынған инвестициялар, сондай-ақ уақтылы көрсетілген мемлекеттік қолдау нақты нәтиже беруде. Бұл аграршыларға тиімді жұмыс істеуге, өнімділікті арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жағдайды жақсарту бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», — деді аудан әкімі.
ТОО «Максимовское», ТОО «Сандықтау Агро» секілді аудан кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары заманауи әдістер мен технологияларды тиімді енгізу арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Сандықтау ауданының ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуде.


