Степногорск қаласындағы Жоғары колледжде жоғары сынып оқушыларын сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына баулуға бағытталған «МаманQadam» атты жаңа білім беру жобасының салтанатты ашылуы өтті. Жоба «АК Алтыналмас» АҚ қолдауымен Ақмола облысының тау-кен колледжімен бірлесіп жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Жоба 10–11 сынып оқушыларына арналған және оларға алғашқы практикалық дағдыларды меңгеруге, заманауи жабдықтармен танысуға, сондай-ақ болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл бастаманың маңызы арта түсіп, білікті кадрларды даярлау мен техникалық білім беруді дамыту ісінің өзектілігін айқындайды.
Жобаның ашылу рәсіміне Ақмола облысы Білім басқармасының өкілдері, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Дархан Оспанов, қалалық білім бөлімінің басшысы, «АК Алтыналмас» АҚ-ның жетекші мамандары, колледж оқытушылары мен әкімшілігі қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар колледждің өндірістік корпусымен, оқу кабинеттерімен және зертханаларымен танысты. Экскурсия кезінде студенттермен және колледж түлектерімен әңгімелесуге мүмкіндік туды. Солардың бірі — «Машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша төртінші курс студенті Мельник Анна, ол қазіргі таңда оқуын Степногорск қаласындағы подшипник зауытындағы жұмыспен ұштастырып жүр.
Қатысушылар «АК Алтыналмас» АҚ-ның жетекші мамандары өткізген қонақ дәрісіне де ерекше назар аударды. Дәріс барысында қазіргі жұмысшы біліктіліктеріне қойылатын талаптар, өндірістік саладағы мансаптық мүмкіндіктер және техникалық мамандықтардың экономиканы дамытудағы рөлі сөз болды.
Жоғары колледж директоры Елена Тарасова жобаның оқушылар үшін маңыздылығын атап өтті:
«Менің ойымша, “МаманQadam” біздің жастар үшін маңызды жобаға айналады. Бұл жоба олардың нақты мамандықтарды тәжірибе жүзінде байқап көруіне және бүгінгі таңда қандай салалар сұранысқа ие екенін түсінуіне көмектеседі. Мұндай әріптестік болашақ мамандықты саналы таңдауға жол ашып, өңірімізде дамуға мол мүмкіндік береді», — деді ол.
«МаманQadam» — Степногорск қаласында мектеп, колледж және кәсіпорын арасындағы байланысты нығайтатын алғашқы жоба. Ол оқушыларға түрлі бағытта өз мүмкіндіктерін сынап көруге жағдай жасап, кәсіби бағдар беру сапасын арттыруды және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауды мақсат етеді.


