Зеренді ауданында еңбек еткен әрбір азаматтың өз жолы, өз тағдыры бар. Солардың бірі -20 жылдан бері бір мекеменің дамуына үлес қосып келе жатқан еңбекқор адам атанған Владимир Соколов, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Владимир Зеренді ауылында өсіп, осы жерде білім алған. Жастық шағы ауыл өмірінің қарапайым еңбегімен, адал тірлігімен байланысып жатты. Ал қазіргі таңда ол – өндіріс жөніндегі директордың орынбасары.
Владимир 21 жасында, 2005 жылы кәсіпорынға жұмысқа тұрған кезде қолында нақты мамандық та, тәжірибе де болмаған. Алғашқы күндері құрал-жабдық тасып, жұмысшыларға көмектесіп, өндіріс ортасына үйренумен өтті. Бірақ оның еңбекке деген ықыласы мен тыңдауға, үйренуге деген талпынысы басқалардан ерекше болды.
Уақыт өте келе ол дәнекерлеу ісін меңгеріп, кәсіби маман ретінде қалыптасты. Объектілерге шығып, қазандықтарды орнатуға қатысты. Біртіндеп цехтағы беделі өсті, ал кәсіби деңгейі оны жетекші қызметке дейін көтерді.
Владимирдің мамандық таңдауы да кездейсоқ емес. Дәнекерлеу – оның отбасындағы кәсіп.
«Маған бұл жұмысым өте қатты ұнайды. Әкем, ағаларым мен туыстарым – бәрі осы саланың мамандары. Сондықтан мен үшін бұл іс тек жұмыс емес, отбасылық дәстүрдің жалғасы. Жақындарымның жолын қудым», – дейді ол.
Қарапайым сөз болса да, оның түбінде үлкен құрмет, еңбек мәдениеті және мамандыққа деген адалдық жатыр.
Металлмен жұмыс істеу физикалық тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да ауыр сала. Жабдықтардың салмағы, металл конструкциялары, қысқа мерзімде сапалы өнім дайындау – мұның бәрі үлкен күш пен шеберлікті талап етеді. Сондықтан Владимир үшін ең басты қағида – қауіпсіздік пен тәртіп.
Ол өзінің кәсіби жолын нөлден бастағанын жиі айтады және жастарға үнемі бір кеңесті қайталайды:
«Талпыныс болса – бәрін үйренуге болады. Мен алғаш келгенде ештеңе білмедім. Бәріне еңбектің арқасында жеттім»,-деді ол.
Зауытта бүгінде 20–25 адам жұмыс істейді. Олардың арасында жас жігіттер де бар. Кейбірі әскерге дейін осы жерде жұмыс істеп, кейін оралып қайта осы цехқа тұрған.
Цехтағы әріптесі, тәжірибелі дәнекерлеуші Андрей Летников та Владимирдің кәсібилігін жоғары бағалайды. Ол өзі бұл жерге кездейсоқ келгенін, тәжірибесі болмағанын айта отырып:
«Маған бәрін үйретті, бағыттады, қолдады. Осындай тұрақтылық пен сенімділік үшін бұл жерде жұмыс істейміз», – деп бөлісті.
Қазір зауыт жыл бойы тоқтамай жұмыс істейді. Мұнда индустриялық қазандықтар, түрлі котельдік жабдықтар дайындалады. Тендерлер бойынша объектілерге жеткізіліп, орнатылады. Мұның бәрінің артында – үлкен ұжымның еңбегі. Ал сол ұжымның тыныс-тіршілігін үйлестіріп отырғандардың бірі – Владимир Соколов.
Жиырма жылдық еңбектің нәтижесінде ол өзі де, кәсіпорын да бірге өсіп, бірге дамып келеді.


