Көкшетау қаласында қыс мезгілінде көшелер мен алаңдарды күтіп ұстау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үйлестіріп отыр. Бұл туралы брифинг барысында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» басшысы Ерболат Серікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Спикердің айтуынша, бүгінде Көкшетау көшелерін бірнеше кәсіпорын күтіп ұстайды. Соның бірі — «КөкшеТазалық» ЖШС. Кәсіпорынның қарамағында 114,7 шақырым көше мен 89 мың шаршы метр тротуар, сондай-ақ 22 саябақ пен төрт алаң бар. Келісімшарт сомасы шамамен үш миллиард теңгеден асады.
«Зерен Плюс–2006» ЖШС екі лот бойынша жұмыс істейді. Компания 63 шақырымнан астам көше мен бірнеше аллеяны қамтиды. Әр келісімшарттың құны шамамен 627 миллион теңге көлемінде.
«Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Қайрат Тұрғымбаев қаладағы аулаішілік аймақтарды тазалау жұмыстарын жүргізеді. Ол 16 шақырым жол мен 150-ге жуық аула аумағын қамтиды. Бұл бағыттағы келісімшарт сомасы 886 миллион теңге»,-деп атап өтті Серікбаев.
Қысқы маусымға дайындық шеңберінде қазан айында қала әкімінің орынбасары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы техникалардың дайындығына тексеріс жүргізілді. Биылғы қысқы кезеңде барлығы 116 бірлік техника іске жұмылдырылды.
Күн сайын жол-пайдалану қызметтері көшелер мен тротуарларды қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу және аялдамалар мен саябақтарды қолмен тазалау жұмыстарын атқарады.
«Тротуарларды тазалау тракторлар арқылы жүргізіледі. Оларға арнайы щеткалар мен қар итергіш қалақтар орнатылған. Құм мен тұз қоспасы механикалық немесе қолмен себіледі. Ауа райы нашарлаған жағдайда снегоубор техникасы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді»-деп қосты басшы.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында арнайы материалдардың қоры да жасақталған. «КөкшеТазалық» кәсіпорнында – 400 тонна, «Зерен Плюс–2006»-да – 40 тонна, ал жеке кәсіпкер Тұрғымбаевта – 20 тонна құм-тұз қоспасы дайын тұр. Сонымен бірге барлық кәсіпорындар қажетті инертті материалдар мен тұз жеткізу жөнінде карьерлермен келісімшарт жасасқан.
Синоптиктердің алдын ала болжамына сәйкес, алдағы қыс Көкшетауда біршама жылы болады. Алайда ауа температурасы күрт ауытқып, кей күндері қалың қар жаууы, боран мен көктайғақ түзілуі мүмкін.
Қала әкімдігі тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларында сақтық шараларын сақтауға және коммуналдық қызметтердің жұмысына түсіністікпен қарауға шақырды.


