Облыста жер қатынастары саласында тәртіп орнату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Ақмола облысының прокуратура органдары жерлердің пайдаланылуына тұрақты түрде қадағалау жасауда, соның нәтижесінде игерілмеген және заңсыз берілген учаскелер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 40-тан астам тексеру мен талдау жүргізіліп, нәтижесінде ондаған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Көп жағдайда анықталған заңбұзушылықтар жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауына немесе жергілікті атқарушы органдар тарапынан учаскелердің саудасыз берілуіне байланысты болған.
«Мұндай жағдайда прокуратура қадағалау актілерін енгізеді, олардың нәтижесінде жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, заң талаптарына сәйкес қайта бөлінеді», – деді Марат Бақтыбекұлы.
Мәселен, Ақкөл ауданында демалыс базаларын салуға берілген, бірақ пайдаланылмаған 13 орман қоры учаскесінің жалға алу шарттары бұзылған. Ерейментау ауданында үш ірі ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылса, осындай жағдайлар Жарқайың және Бурабай аудандарында да анықталған.
Сонымен қатар прокуратура инвестициялық жобалар және бау-бақша егуді желеу етіп, заңсыз бөлінген жерлер бойынша да бұзушылықтарды анықтаған. Мысалы, Зеренді ауданында сауда-саттықсыз 250 гектарға дейінгі көлемдегі 30 жер учаскесі берілген, бұл заң талаптарына қайшы. Аталған фактілер бойынша наразылық білдіру және қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Прокуратура жайылым жерлер тапшылығы мәселесіне де ерекше назар аударуда. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігі мал жайылымына қоғамдық пайдалануға берілуде. Соңғы екі жылда облыстағы жайылым жетіспеушілігі 100 мың гектарға азайтылған.
Бұған қоса, прокуратураның бастамасымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тиесілі жерлерді қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Бұрын жергілікті атқарушы органдар парктің шекарасын заңсыз өзгертіп, ондаған жер учаскесін құрылысқа берген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ондаған гектар жер мемлекетке қайтарылып, игерілмеген учаскелерді алу бойынша сот процестері жалғасуда.
«Жер заңнамасының сақталуына қадағалау жүргізу – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Ауыл шаруашылығы аймағы болып табылатын Ақмола облысында әр гектар жер қоғам игілігіне жұмыс істеуі маңызды», – деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары.
Жер қатынастары саласында қоғамдық мүдделерді қорғау бойынша жұмыс тұрақты негізде жалғасын табуда.


