Бұланды ауданында орақ науқаны аяқталуға жақын. Алдын ала көрсеткіштер бойынша биыл өңір мол өнім жинамақ, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан аумағында бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істейді. Соның ішінде 20 мың гектар егіс алқабы бар «Altai-agro» серіктестігі ерекше көзге түседі. Бұл – аудандық жалпы көлемнің шамамен 67 пайызын құрайды.
Биыл мұнда техника жаңартылып, инфрақұрылым дамытылуда. Кәсіпорын өз элеваторын салып, астықты дер кезінде тапсырып, жанар-жағармаймен қамтуды жолға қойды. Алдағы уақытта мал шаруашылығын кеңейту жоспарланып отыр.
Шаруашылықтың жаңғыртылуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау айрықша әсер етті.
«Мен 1991 жылы бар болғаны 500 гектар жерден бастадым. Бүгінде егіс алқаптарын айтарлықтай ұлғайта алдық. «Кең дала-2», «ҚазАгроФинанс» жобаларының арқасында элиталы тұқымдар мен заманауи техникалар алдық. Соңғы екі жылда төрт жаңа комбайн және егіс кешендерін сатып алдық. Соның нәтижесінде жұмыстар уақытылы атқарылып, жақсы өнім алуға мүмкіндік туды, – дейді кәсіпорын құрылтайшысы Жанаділов.
Оның айтуынша, шаруашылықтың негізгі мақсаттарының бірі – мамандарды ауылға қайтару. Сол үшін жайлы еңбек ету және өмір сүру жағдайлары жасалуда.
«Қазір жұмыс күші жетіспейді. Бірақ біз адамдар ауылға оралсын деп жағдай жасап отырмыз. Мұнда тұрақты жұмыс пен лайықты жалақы бар. Қажет болса, қызметкерлерімізді тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, үш мезгіл тамақ және басқа да қолдаулар көрсетеміз, – деп атап өтті ол.
Ауылға оралғандардың жарқын мысалы – механизатор Таласпай Айтымов. Ол астанада қалмай, туған ауылын таңдаған.
«Маған отын-суымен үй берілді. Ауылға қайтқаныма еш өкінбеймін. Болашағым осы жерде деп сенемін. Туған жердің топырағында еңбек ету тұрақты табыс береді әрі дамуға жол ашады. Әріптестерім де тату, орта да жайлы», – дейді ол.
Айта кетейік, биыл бұландылық шаруалар бұрынғы жылдардағыдан да жоғары нәтиже көрсетуді жоспарлап отыр.


