Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Софиевка ауылындағы жаңа тұрғын алапқа электр энергиясын жеткізу жобасы сәтті жүзеге асты. Бұл игі іс аудан әкімдігінің үйлесімді жұмысы мен жергілікті тұрғындардың белсенді қолдауы нәтижесінде мүмкін болды. Енді жаңа құрылыс нысаны «АРЭК» акционерлік қоғамының сенімді басқаруына берілді.
Маңызды жаңалықтың бірі – электрмен қамту «АРЭК» АҚ қарамағына өткеннен кейін жаңа құрылыс тұрғындары үшін электр энергиясының тарифі бұрынғыға қарағанда төмендейді. Бұл шешім ауылдағы отбасылардың қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, тұрғындардың өмір сүру жайлылығын арттырады.
Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдап, аудан әкімдігіне алғыстарын білдіруде. Олар халықтың нақты мұқтажына көңіл бөліп, өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді әрекеттердің жасалып жатқанына ризашылықтарын жеткізуде.
Софиевка ауылындағы бұл бастама – өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар, бұл шара билік пен халық арасындағы сенім мен өзара байланыс нығая түскенінің жарқын дәлелі болып отыр.


