Бүгін Көкшетауда жерге орналастыру, геодезия және картография күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік билік өкілдері мен сала мамандары жер ресурстарын басқарудың өзекті мәселелерін талқылап, үздік қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Мерекелік шараны Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан ашып, тиімді жерге орналастырудың тұрақты экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті. Негізгі баяндаманы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов жасады.
«Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында және бірегей табиғи ресурстарға ие. Оларды ұтымды басқару өте маңызды. 2024 жылы ауыл шаруашылығы айналымына 14 мың гектар жер енгізіліп, жер аукциондары арқылы өңір бюджеті 433 миллион теңгеге толықтырылды», – деп атап өтті Бадырақов.
Сондай-ақ, баяндамашы 105 мың гектар пайдаланылмаған жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын және 155 отбасының жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алғанын айтты. Бұл жетістіктер сала қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігінің нәтижесі екені атап өтілді.
Облыс әкімінің орынбасары өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін жерге орналастыру саласының үздік мамандарын марапаттап, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің Құрмет грамоталарын табыстады.
Марапатталғандардың қатарында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті мамандар – Эльвира Әбдірахманова, Рүстем Төкенов, Гүлжан Жатаева болды.
Облыс әкімінің «Еңбек Озатты» І және ІІ дәрежелі төсбелгілерімен 10–15 жылдан астам тәжірибесі бар мамандар – Жұмажан Бейсембаева, Інеш Қарашина, Аслан Таймассов, Гүлім Қажкенова, Нұрғали Аубәкіров, Жәдіра Әбілқасымова, Нұрбол Қабдинов, Асет Қасымжанов марапатталды.
Бұдан бөлек, жер қатынастары саласына қосқан үлестері үшін 16 қызметкерге Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
«Бүгінгі марапаттар – сіздердің еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Сіздердің жұмыстарыңыз ауылдық аймақтардың дамуына және бүкіл өңірдің экономикалық өсуіне тікелей әсер етеді. Қолдарыңызда барлық қажетті құралдар мен өкілеттіктер бар, сондықтан алдағы уақытта да биік белестерді бағындырасыздар деп сенемін», – деді Мұрат Балпан.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары сала мамандарына кәсіби табыс, отбасыларына амандық және жауапты еңбектерінде жаңа жетістіктер тіледі.


