Қорғалжын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл спортсүйер қауым үшін ғана емес, бүкіл аудан халқы үшін үлкен жаңалық. Себебі жаңа спорт кешені халықтың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Нысанның құрылысы 2023 жылы басталып, осы жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланған. Аумағы 2102 шаршы метрді құрайтын кешен заманауи стандарттарға сай салынып жатыр. Мұнда көпфункционалды спорт залы, жаттығу алаңдары, мини-футбол алаңы, воркаут аймағы және басқа да инфрақұрылым қарастырылған.
«Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 65%-ы аяқталды. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, терезелері орнатылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аумақты абаттандыру мен спорт алаңдарын орналастыру жұмыстары да қатар жүруде», — деді Қорғалжын ауданының ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері.
Айта кету керек, соңғы жылдары ауданда спортпен айналысатын тұрғындар саны айтарлықтай өскен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 45,04 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Бұл – салауатты өмір салтына деген қызығушылықтың артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Жаңа спорт кешені Қорғалжын жастары мен тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік сыйлайтыны анық. Мұнда әр адам спортпен айналысып, денсаулығын нығайта алады. Жоба толық аяқталғанда, ауданның спорттық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілетіні сөзсіз.


