Ұлы Жеңіс күні – халқымыздың жүрегіне мәңгілікке жазылған қасиетті мереке. Бұл – ұлттың батырлығы мен табандылығының, төзімділігі мен ерлігінің символы. 9 мамыр – барша елге бейбіт өмір сыйлаған, Отан үшін от кешкен ардагерлерімізге тағзым ететін күн. Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толып отыр. Бұл – ұрпақтың өз тарихын ұмытпай, оны қадірлеп, құрметтеуі тиіс маңызды кезең.
Осы мереке қарсаңында Ақмола облысы білім басқармасына қарасты «Bolashaq Saraiy» ШЖҚ МКК-ның кітапхана меңгерушісі Боранбаева Сандуғаш Жәнәбілқызы өз атасы – Ұлы Отан соғысының ардагері Зейнолла Омарұлы туралы жүрекжарды естелігімен бөлісті.
Зейнолла Омарұлы 1907 жылы Көкшетау облысы, Володаровка ауданына қарасты қазіргі Үкілі Ыбырай ауылында дүниеге келген. Ел басына күн туғанда, 1941 жылдың 20 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанады. 1944 жылы ақпан айында Ленинград қаласының қоршауы бұзыла бастағанда, осы қаланы азат ету үшін жаяу әскер сапына алынып, кескілескен шайқастарға қатысады.
Зейнолла атаның ерлік жолы Сталинградтан басталып, Берлинге дейін жалғасты. Ұрыстардың бірінде мойнынан ауыр жарақат алып, кейін кеудесіне тиген оқ салдарынан екі саусағынан айырылады. Соғыс даласында жараланған ол Ташкенттегі әскери госпитальге жіберіліп, ұзақ емделеді. Сауығып шыққан соң да елге қызметін тоқтатпай, телефон байланысы саласында еңбек етеді. 1946 жылы елге оралып, кейін Оленагорск ауданы, Лесхоз ауылында орман күзетшісі болып еңбек жолын жалғастырады.
Зейнолла Омарұлының ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Отан үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар соғыстың аяқталғанына 40 және 45 жыл толуына орай берілген мерекелік медальдары да көздің қарашығындай сақтаулы.
«Атам өмірінің соңына дейін тек бір Аллаға құлшылық етіп, бес уақыт намазын қаза етпей оқыды. Аузынан иманы, қолынан Құраны түспеген ол 1994 жылы дүниеден өтті. Біз – атамыздың ұрпақтары, Жәнәбіл мен Таудан тараған ұл-қыздары, немере-жиендері және шөберелері, атамыздың және барша ардагерлердің ерлігіне бас иеміз. Сол бір сұрапыл жылдары жанын қиып, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған қаһармандар мәңгі жадымызда», – деп тебірене еске алады.
Ұлы Жеңіс – тек тарих бетінде қалған дата емес, ол – бүгінгі бейбіт күннің бағасын ұмытпау, батыр бабаларымыздың аманатына адал болу деген сөз. Сондықтан біз батырлардың ерлігін ұмытпай, оларды әрдайым құрметпен еске алып, жастарға үлгі етуді жалғастыруымыз қажет.