2024-2025 оқу жылында Ақмола облысында білім беру саласында инфрақұрылымдық серпіліс байқалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 9 жаңа мектеп іске қосылды. Бұл қадам тығыздалған мектептер мәселесін шешіп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етті. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Спикердің айтуынша Целиноград ауданында биыл орын тапшылығы 8 есеге, ал Көкшетау қаласында бір жарым есеге қысқарды. Сонымен қатар, Бұланды ауылындағы апатты мектептің мәселесі шешілді.
Жаңа оқу жылында тағы 5 мектеп ашылады деп жоспарлануда. Бұл жобалар өңірдегі сапалы білімге қолжетімділікті арттыра түседі.
«Әлеуметтік жағынан осал топтарға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облыстағы 65 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Олардың ішінде бастауыш сынып оқушылары мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 5-11 сынып оқушылары бар. Жазғы демалысқа арналған жолдамаларға 121,5 миллион теңге қаражат бөлінді», деді білім басқарасының басшысы.
Жаз мезгілінде балалардың 93 пайызы демалыспен, ал 100 пайызы түрлі жұмыстармен қамтылмақ. Облыста 16 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 9 – мемлекеттік және 7 – жекеменшік. Сонымен қатар 208 күндізгі лагерь мен 350 бейіндік алаң ашылып, 70 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланған. Тарих, өлкетану, әскери-патриоттық бағыттағы шатырлы және киіз үй лагерлері де ұйымдастырылады.
«Кәсіптік білім беру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Облыстағы 29 колледжде 19 мыңнан астам студент білім алса, оның 6 мыңнан астамы биыл оқуын аяқтайды. 543 студент үздік дипломға үміткер. Жыл бойы «One School – One Skill» және «Автобус профессий» жобалары жүзеге асты. Сингапур елінде педагогтерге арналған тағылымдамалар өткізілді.», деп толықтырды спикер.
Айта кету керек, биылғы көрсеткіштер мен жетістіктер – білім беру жүйесінің сапалы жұмысы мен дамуының айқын белгісі. Облыс әкімдігі мен Білім басқармасы алдағы уақытта да бұл үрдісті жалғастырып, балалар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға күш салатындарын жеткізді.