Өңірімізде бронхиалды астмамен ауыратын мыңдаған адамға үміт сыйлайтын ерекше жоба дүниеге келуде. Үш жыл бұрын оқушы Юсуф Мухамбеткалиев өзі де осы дертпен күресетіндіктен, аурудың асқынуын алдын ала болжайтын бірегей құрылғыны жасауға кіріскен. Бұл жоба денсаулықты бақылаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, еліміздегі пациенттердің өмірін едәуір жеңілдетуге уәде береді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Идеяның тууына оның жеке тәжірибесі түрткі болды. Астмамен ауыратын Юсуф аурудың барлық қыр-сырын өз басынан өткере отырып зерттеді, білікті дәрігерлермен және саланың жетекші мамандарымен кеңесті. Терең талдау мен ізденістің нәтижесінде ол теориялық білімді тәжірибеге айналдырып, алғашқы прототипті құрастыруға кірісті.
«Жиналған деректерге сүйене отырып, шамамен бір жыл бойы жүргізілген тынбай еңбектен кейін мен алғашқы прототипті құрастыруға көштым. Ал бір жарым жыл ішінде құрылғы толық дайын болды», – деді Юсуф Мухамбеткалиев.
Шағын әрі қолайлы құрылғы диафрагма тұсына бекітіледі және негізгі көрсеткіштерді үздіксіз талдайды. Яғни, сырыл, жөтел, оттегі сатурациясы және тыныс алу жиілігі. Осы мәліметтердің комбинациясы жүйеге жақындап келе жатқан асқынуды жоғары дәлдікпен алдын ала ескертуге мүмкіндік береді.
Жас өреннің жұмысы тек құрылғымен шектелмейді. Ол құрылғыны толықтыратын арнайы мобильді қосымша да әзірлеген. Бұл қосымша барлық ақпаратты жинақтап, пайдаланушыға ескертулер жіберетін негізгі орталыққа айналған.
«Қосымша арқылы ұстамалардың тарихын бақылауға және жасанды интеллект талдауы негізінде жеке ұсыныстар алуға болады», – деп түсіндірді спикер.
Бастапқыда қарапайым Telegram-ботты қолдану жоспарланған еді, алайда кеңейтілген функционалға деген ұмтылыс нәтижесінде толыққанды мобильді қосымша жасалды.
Үш жылдық қажырлы жұмыстың арқасында Юсуф өз өнертабысын жетілдіріп қана қоймай, бағдарламалау, тестілеу және жобаны басқару дағдыларын да дамытты. Оның бастамасына отбасымен бірге менторлары да айтарлықтай қолдау көрсетуде.
«Басты қолдаушым – анам. Ол құрылғыны жетілдіруге көп көмектесті. Менторларым да орасан қолдау көрсетті – оларсыз бұл жоба жүзеге аспас еді», – дейді ол.
Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқу процесі мен түрлі байқауларға белсенді қатысу Юсуф үшін қосымша шабыт көзіне айналған.
«Қарқынды оқу және мұғалімдердің қолдауы менің креативті әрі мақсатқа бағытталған ойлау қабілетімді дамытуға көмектесті», – деп атап өтті Мухамбеткалиев.
Жас өнертапқыштың жоспары – өз жобасын ұлттық деңгейге шығару, құрылғыны Қазақстандағы барлық астматиктерге қолжетімді ету. Болашақта ол халықаралық нарыққа да шығуды көздейді, осылайша әлемдегі астмаға шалдыққан адамдарға денсаулықтарын бақылауға және сенімділікке ие болуға көмектеспек.
Юсуф Мухамбеткалиевтің тарихы – жас таланттардың да әлемді жақсарта алатынының жарқын дәлелі.


