Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылы көктемгі су тасқыны кезеңін сәтті еңсеріп отыр. Бұл алдын ала қабылданған кешенді инженерлік және ұйымдастырушылық шаралардың нәтижесі, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ауыл тұрғыны, ардагерлер кеңесінің мүшесі Дина Базарбаева ауылда 2016 жылдан бері тұрып келеді. Ол бұрын көктем сайын су тасқынынан қорқып, тұрғындардың алаңдаушылықпен өмір сүргенін еске алады. Алайда биыл жағдай өзгерді.
«Бұрын көктем келгенде су тасқынынан қорқатын едік. Биыл дамбалар салынды, маслихат депутаттары мен әкімдікке алғысымыз шексіз. Енді тыныш ұйықтаймыз, бәрі жақсы, су тасқыны жоқ», – деді Дина Базарбаева.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасқанат Дүйсеновтің мәліметінше, 2025 жылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша Астанадан келген су қоймасының көлемі 100,31% құрап, елді мекендерге су тасқыны қаупі төнбеген.
«2024 жылы «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорынан Жібек Жолы ауылының 6, 7 және 8-шағын аудандарында ұзындығы 6,2 км болатын қорғаныс дамбасын салуға 2,3 млрд теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды», деді ол.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық «Қазводхоз» РМК филиалы Жібек Жолы ауылынан Астана қаласындағы қорғаныс дамбасына дейінгі ұзындығы 3,8 км, ені 40 метр болатын айналма арнаны тазарту жұмыстарын толық аяқтады.
Су тасқынына дайындық аясында елді мекендерден 439,1 м³ қар шығарылып, 150,3 м³ еріген су сорылды. 257 су өткізу құрылғысы тазартылып, ұзындығы 6,2 км арық жүйелері де тазартылған.
2025 жылы аудандық бюджеттен су тасқынына қарсы іс-шараларға 343,933 млн теңге қарастырылып, оның ішінде қарды шығару мен тазартуға, төтенше жағдайларға арналған шұғыл шығындарға және алдын алу мен жоюға бағытталған қаражат бөлінді.
Жергілікті билік, тұрғындар мен еріктілердің үйлесімді әрекеттерінің арқасында Жібек Жолы ауылы көктемгі су тасқыны кезеңін табысты еңсеріп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде.