Көкшетау қаласының жас спортшысы, №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жапаш Жалғас кикбокстан әлемдік аренада үлкен жетістікке жетіп, туған қаласының және елінің абыройын асқақтатты. Ол 7–12 қазан күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен WAKO World Cup жарысында 63,5 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байрақты додаға әлемнің 60 елінен 1500-ден астам спортшы қатысып, өз бақтарын сынаған болатын. Осындай мықтылар арасынан суырылып шыққан Жалғас ел намысын лайықты қорғап, жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар ол әлемдік рейтингте 4-орынға көтеріліп, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылардың бірі атанды.
Жалғас кикбоксингпен үш жылдан бері айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанып үлгерген. Спорттағы жетістігінің артында табандылық, қажырлы еңбек пен бапкерлерінің қолдауы тұр.
№17 мектеп-гимназиясының директоры Раушан Хасенова шәкіртінің жеңісіне зор мақтанышпен қарап, оның болашағына сенім білдірді:
«Жалғас — өзіне сенімді, тәрбиелі, достарына қол ұшын беруге дайын жан. Ол тек спортта ғана емес, оқуда да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Біз оның еліміздің атын әлемге танытатын азамат боларына сенеміз», — деді мектеп директоры.
Жапаш Жалғастың жеңісі — жеке жетістік қана емес, ол Көкшетау қаласы мен бүкіл Қазақстан спорты үшін үлкен мәртебе. Бұл жеңіс жас буынға шабыт беріп, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсетіні сөзсіз.
Айта кетейік, кикбоксинг — күш пен техниканы үйлестіретін, ерік-жігер мен табандылықты талап ететін спорт түрі. Ал Жалғас сынды жас чемпиондардың табысы — еліміздегі спорт саласының даму деңгейінің айғағы.


